Тоқаев Қазақстанда сирек кездесетін металдар мәселесі бойынша Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді
Жарияланған күні:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен аса маңызды минералдар, соның ішінде сирек кездесетін металдар саласын дамыту мәселелері жөнінде Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Кеңесте мемлекет басшысы Қазақстан ресурс және өндіріс әлеуеті жағынан Орталық Азияда көш бастап тұрғанына назар аударып, мұны мемлекет мүддесіне пайдалану қажеттігін атап өткен.
"Қазба байлығы мол елдер үшін әлемдегі қазіргі ахуал тиімді әрі бірегей мүмкіндіктерге жол ашып отыр", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар президент дүние жүзінде аса маңызды материалдарға қол жеткізуде мемлекеттер арасындағы бәсекелестік күшейе түскенін айтқан. Бұл бағыт жоғары технологиялық салаларды дамыту тұрғысынан стратегиялық маңызға ие.
Мемлекет басшысының айтуынша, осы орайда Қазақстан қолда бар ресурстар мен өнеркәсіп әлеуетін тиімді пайдаланып, өз мүмкіндіктері мен өндіріс тізбегін дәйекті түрде дамытқаны жөн.
Сондай-ақ жиын барысында үкімет мүшелері саланың қазіргі жай-күйі, ресурс қорын игеру перспективасы, қайта өңдеу бағытын дамыту және кедергілер туралы есеп берген.
Отырыс қорытындысы бойынша үкімет пен тиісті мемлекеттік органдарға саланы дамытуға қатысты жүйелі көзқарас қалыптастыру, реттеу тетіктерін жетілдіру, геологиялық барлау мен өңдеу ісін дамыту, техногенді минералдық түзілімдерді экономикалық айналымға қосу, зертханалар базасы мен кадрлар құрамын нығайту, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді жою жөнінде нақты тапсырмалар берілген.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2415501-toqaev-qauipsizdik-kengesining-otyrysyn-otkizdi/
