"Маңызды шешімдердің шынайы құндылығын жылдар өткен соң ғана түсінеді": Тоқаев үндеуінде не деді
Жарияланған күні:

Бұл туралы мемлекет басшысы Құрылтай сайлауы қарсаңында Қазақстан халқына жасаған үндеуінде айтты, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Құрылтай сайлауы қарсаңында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық стратегияны табысты жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге ол Құрылтайға өз ісінің мамандары мен отанын сүйетін азаматтар келетініне сенім білдірді.
"Жалпыхалықтық дауыс берудің қорытындысы бойынша Құрылтайға кәсіби мамандар мен отаншыл азаматтар сайланады деп кәміл сенемін.
Құрылтай әралуан көзқарас пен ұлт келешегі жолындағы ұмтылыстар тоғысатын біртұтас алаң болуға тиіс. Осылайша, Құрылтай ел жаңғыруына тың серпін беретін құрылымға айналмақ. Біз геосаяси шиеленіс ширығып, жаһандық сын-қатерлер күшейе түскен кезеңде бет алған бағытымыздан таймай, тек алға қарай жүруіміз қажет. Қазақстанды әлемдегі нағыз озық мемлекеттердің қатарына қосу үшін ауқымды жұмыс атқаруымыз керек, яғни ұлттық стратегиямызды табысты жүзеге асыруымыз қажет", - деді президент.
Сондай-ақ Тоқаев алдағы жексенбі ел тағдыры үшін аса маңызды сәт болатынын еске салды.
"Адамдар көп жағдайда қабылданған маңызды шешімдердің шынайы құндылығын жылдар өткен соң ғана түсінеді. Алдағы жексенбі ел тағдыры үшін дәл осындай бетбұрысты сәт болады.
Біз Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңге қадам басамыз. Осындай тағдыршешті сәтте әр адамның дауысы маңызды екені сөзсіз", - деді президент үндеуінде.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2416188-mangyzdy-sheshimderding-shynaiy-qundylygyn-zhyldar-otken-song-gana-tusinedi-toqaev-undeuinde-ne-dedi/
