Таразда Құрылтай сайлауына дауыс берушілер кезекке тұруда
Жарияланған күні:

Таразда таңсәріден бастап қала тұрғындары өздеріне тиесілі сайлау учаскелеріне ағылып келіп, азаматтық ұстанымдарын білдіріп, өз таңдауларын жасауда, деп хабарлайды қала әкімдігі.
Нәтижесінде шаһардағы кейбір учаскелерде ұзын-сонар кезек қалыптасып, өз таңдауын жасауға келген халықтың саны көп.
Әсіресе, жастар, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері саяси науқанға белсене қатысып, таңғы уақыттан-ақ дауыс беру учаскелеріне келуде. Бұл тұрғындардың қоғамдық-саяси өмірге деген қызығушылығы мен азаматтық белсенділігінің жоғары екенін аңғартады.
Жалпы, Таразда сағат таңғы 7:00-ден бастап 155 сайлау учаскесі ашылып, өз жұмысын бастады. Онда 295 155 сайлаушының дауыс беруі үшін барлық қажетті жағдай жасалып, сайлау процесі белгіленген талаптарға сәйкес ұйымдастырылған.
Сонымен қатар, сайлау учаскелерінде тұрғындардың уақытын мазмұнды өткізуіне мүмкіндік беретін түрлі мәдени шаралар да ұйымдастырылған.
Атап айтқанда, жергілікті қолөнершілердің туындыларынан көрмелер қойылып, келушілерге ұлттық өнер мен дәстүрлі қолөнер үлгілері таныстырылуда.
Сондай-ақ жергілікті өнерпаздар ән мен биден шашу шашып, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда.
Сонымен қатар шалғай алқаптарда тұратын тұрғындардың да белсенді қатысуына барлық мүмкіндік жасалып жатыр.
Яғни, азаматтардың сайлау учаскелеріне кедергісіз барып, өз таңдауын жасауын қамтамасыз ету мақсатында арнайы 94 автобус бөлінді.
Қоғамдық көліктер шалғай алқаптардан тұрғындарды сайлау учаскелеріне тегін жеткізуде.
Автобустар белгіленген бағыттар бойынша қатынап, тұрғындардың дауыс беру учаскелеріне уақытылы жетуіне мүмкіндік беріп отыр.
Шалғай алқап тұрғындарының сайлауға белсенді қатысуы – олардың қоғамдық-саяси үдерістерге деген жауапкершілігінің айқын көрінісі. Тегін көлікпен қамтамасыз ету азаматтардың дауыс беру мүмкіндігін кеңейтіп, сайлау процесінің қолжетімді әрі ашық өтуіне ықпал етуде.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2416686-tarazda-quryltai-sailauyna-dauys-berushiler-kezekke-turuda/
