Тоқаев ұстаздарды дәстүрлі Тамыз конференциясының ашылуымен құттықтады
Жарияланған күні:

Мемлекет басшысы ұстаздар қауымын дәстүрлі Тамыз конференциясының ашылуымен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
"Бүгінгі жиынға Қазақстанның барлық аймағынан ұлағатты ұстаздар арнайы келіп отыр.
Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі, бұл – нағыз ақиқат.
Бүгін өте ұтымды, мазмұнды баяндамаларды тыңдадық, тиімді пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Сөз сөйлеген ұстаздарға, бүкіл мұғалімдер қауымына ризашылығымды, ілтипатымды білдіремін. Тиісті министрлік, жалпы үкімет айтылған мәселелерді үнемі назарда ұстауы керек. Бұл жұмысты аса маңызды стратегиялық міндет деп түсіну қажет.
Ұстазды ұлықтаған елдің келешегі жарқын болары айдан анық. Ұлы Абай 38-ші қара сөзінде адамның адамдығы жақсы ұстаздан болатынын айтқан.
Сіздер жас буынға терең білім беріп, саналы, озық ойлы және отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге зор еңбек сіңіріп жүрсіздер. Осылайша бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға атсалысып келесіздер", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев конференцияда.
Президенттің айтуынша, жаңа Конституцияда тұңғыш рет білім саласына айрықша мән берілді.
"Биылғы Тамыз конференциясы еліміздегі ауқымды өзгерістер кезеңіне тұспа-тұс келді. Бәріміз бір ел болып, түбегейлі реформаларды ойдағыдай жүзеге асырдық.
Наурыз айында өткен жалпыұлттық референдум нәтижесінде жаңа Халық Конституциясы қабылданды. Тұтас қоғам қолдаған Ата заң бірінші шілде күні күшіне енді. Бұл – еліміз үшін маңызы ерекше тарихи оқиға.
Бас құжатта тұңғыш рет білім саласына айрықша мән берілді, яғни адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту еліміздің стратегиялық бағыты ретінде айқындалды", - деді президент.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2418615-toqaev-ustazdardy-dasturli-tamyz-konferentsiiasynyng-ashyluymen-quttyqtady/
