Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның сыртқы істер министрі болып қайта тағайындалды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қазақстан президенті Мұхтар Тілеубердіні сыртқы істер министрі етіп тағайындады. Мұхтар Тілеуберді бұл қызметті 2019-2023 жылдар аралығында атқарған болатын, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысының жарлығымен Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды", - делінген Ақорда хабарламасында.
Өмірбаяны
Қазақстан елшілігі сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Тілеуберді Мұхтар Бескенұлы 1968 жылғы 30 маусымда туылған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетін бітірген, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Азия және Африка институтында және Йенсе Университеті (Корей Республикасы) жанындағы Тілдер институтында тәжірибе алған. Оқуды аяқтағаннан кейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің философия тарихы және қытай филологиясы кафедраларында жұмыс істеген.
Мансабы
Дипломатиялық қызметін 1993 жылы атташе лауазымынан бастады. Орталық аппараттағы жұмыс барысында Азия елдері басқармасының үшінші хатшысы, Азия департаментінің бірінші хатшысы, Екіжақты ынтымақтастық департаментінің бөлім бастығы қызметтерін атқарды.
Шетелде Қазақстанның Корей Республикасындағы Елшілігінде екінші хатшы және Израиль Мемлекетіндегі Елшілігінде кеңесші болып жұмыс істеді. Қазақстан президентінің әкімшілігінде мемлекеттік хатшының сыртқы саясат мәселелер жөніндегі кеңесшісі лауазымында жұмыс істеді.
2003 жылы сыртқы істер вице-министрі болып тағайындалды.
2004 жылы еліміздің Малайзиядағы елшісі және 2005 жылдан бастап Индонезия Республикасы, Бруней Даруссалам және Филиппин Республикасындағы елшісі қызметін қоса атқарды.
2009 жылы Қазақстанның Швейцария Конфедерациясындағы елшісі болып тағайындалды және Лихтенштейн Княздігі мен Ватикан Мемлекетінде елші қызметін қоса атқарды, сонымен қатар Женевадағы БҰҰ Бөлімшесінде және басқа да халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі болды.
2015 жылы Қазақстанның Иерусалимдік Әулие Иоанн Егеменді Әскери Госпитальерлер Ордені жанындағы, Родостағы және Мальтадағы қоса атқарушы елшісі болып аккредиттелді.
2016-2019 жылдары Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болған.
2019 жылғы қыркүйек айында ҚР Сыртқы істер министрі лауазымына тағайындалды. Қазақстанның Аустриядағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін 2021 жылғы қаңтардан бастап 2023 жылғы сәуір аралығында Қ азақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі қызметін атқарды.
Төтенше және өкілетті елші дипломатиялық дәрежесіне ие. Ағылшын, корей тілдерін меңгерген.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2421951-muhtar-tileuberdi-qazaqstannyng-syrtqy-ister-ministri-bolyp-qaita-tagaiyndaldy/
