jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Эльмира Асқарқызы
    Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    Жалақыдан айыру, көпшіліктен кешірім сұрау: Құрылтай депутаттары әдеп кодексін бұзса қалай жазалануы мүмкін

    Құрылтай депутаттары
    Құрылтай депутаттары. Фото: Ақорда

    Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева брифинг барысында депутаттардың іскерлік этиканы бұзуына не жататынын түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

    Дания Еспаева әдеп бұзған депутаттардың қалай жазаланатынын айтты. Мәселен, баяндамашыларға қатысты негізсіз ескерту жасағаны үшін жаза қарастырылған.

    "Бұл депутаттарға да, басқа тұлғаларға да қатысты. Егер депутаттың сөзінде әріптестерінің немесе өзге де адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиетін бейәдеп сөз болса, бұл депутаттық әдепті бұзу болып саналады.

    Депутаттық этика талаптары тек жұмыс топтарының отырыстары мен Құрылтай жұмысы кезінде ғана емес, одан тыс уақытқа да қатысы барын ескеру қажет. Депутат жоғары моральды адам болуға тиіс. Оған қойылатын талаптар жоғары. Сондықтан ол жұмыс орнында болсын, Құрылтайдан тыс жерде болсын, іскерлік этика талаптарына толықтай сай келуге тиіс" - деді ол.

    Сондай-ақ, оның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне шынайы деректерді ұсынуға қатысты талаптар бар.

    "Депутат өз сөзінде және жауабында тексерілген әрі шынайы мәліметтерді ұсынуға тиіс деп қарастырдық. Деректердің шынайылығын тексермей, "ол жерде бірдеңе орындалмай жатыр" деп айта салу да депутаттық әдепті бұзу болып саналады", - деді ол.

    Депутаттық әдептің сақталуын қамтамасыз ету үшін Құрылтай жанынан Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес құрылады. Ол қарапайым азаматтардан және компаниялардан түскен барлық өтінішті қарайды.

    "Құрылтай депутаттарына әдеп бұзғаны үшін жазаның мынадай түрлері қарастырылған. Біріншіден, сөгіс жариялау. Екіншіден, депутат көпшілік алдында кешірім сұрауға тиіс. Үшіншіден, Құрылтай отырыстарының бірінде сөз сөйлеуге тыйым салу қарастырылуы мүмкін.

    Жазаның келесі түрі – үш отырыс бойы сөз сөйлеуге тыйым салу. Сондай-ақ отырыстан немесе үш отырыстан шығарып тастау және соңғы тармақ – бір күндік жалақысынан айыру", - деп түйіндеді сөзін Дания Еспаева.

    Еске сала кетейік, бұған дейін депутаттар жұмыс қағидаларын, үкіметпен, Халық Кеңесімен және Конституциялық сотпен өзара іс-қимылды реттейтін регламентті бекіткен.

    Жалақыдан айыру, көпшіліктен кешірім сұрау: Құрылтай депутаттары әдеп кодексін бұзса қалай жазалануы мүмкін

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram