"Бұл – саботаж": Тоқаевтың жолдарға қатысты сынынан соң Бектенов әкімдер мен министрге тапсырма берді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Президенттің еліміздегі жолдардың сапасына қатысты қатаң сынынан кейін Олжас Бектенов көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пен әкімдіктерге тапсырма берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен сенбіде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Таза Қазақстан" акциясына қатысушылар алдында сөз сөйлеп, ағаш отырғызғаннан кейін еліміздегі жолдардың жай-күйіне тоқталды.
"Үкімет пен әкімдер қала және ел ішіндегі, яғни ірі немесе шағын қалалардан тысқары жолдардың сапасына баса назар аударуы керек.
Бұл – біздің ең осал тұсымыз, оны мойындаған жөн. Мұны ешкім шеше алмады немесе шешуге құлық танытпады. Масқара жағдай. Оны саботаж деуге болады. Заң аясында қатаң шаралар қолданамыз", - деді мемлекет басшысы.
Ал бүгін көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Олжас Бектеновке жол инфрақұрылымының жай-күйі және сапаны одан әрі жақсарту шаралары туралы баяндады. Оның айтуынша, республикалық маңызы бар жолдардың 94 пайызы, ал облыстық және аудандық жолдардың 91 пайызы талапқа сай келеді.
Елді мекендердің көшелері бойынша бұл көрсеткіш 71 пайызды құрайды. Бұл ретте жол желісінің жай-күйі бойынша келіп түскен өтініштердің шамамен 58 пайызы жергілікті жолдарға, оның ішінде 47 пайызы елді мекендердің көшелеріне тиесілі.
Құрылыс сапасын одан әрі арттыру және автожол саласын дамыту мақсатында пайдаланылатын материалдардың бірыңғай базасы құрылып, битумды қолдану тәсілдері қайта қаралды, құрылыс кезінде сапаны бес сатылы бақылау енгізілді, мердігерлердің жауапкершілігі арттырылды. Сондай-ақ жобалардың басымдығын ескере отырып, жалпы сипаттағы трансферттер қаражатын жұмсау үшін жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін күшейту жоспарлануда.
Мемлекет басшысы қалаішілік жолдарға, сондай-ақ ірі және шағын қалалардан тыс орналасқан жолдарға ерекше назар аударуды тапсырды. Көлік министрлігіне өңір әкімдерімен бірлесіп, қалааралық және республикалық жолдардың сапасын қамтамасыз ету, халықтың шағымдарына жедел ден қойып, жобалардың тоқтап қалуына және олардың іске қосу мерзімдерін бұзуға жол бермеу тапсырылды.
Жоғарыда аталған тапсырмаларды орындау бойынша жұмысты үйлестіру премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2430641-bul-sabotazh-toqaevtyng-zholdarga-qatysty-synynan-song-bektenov-akimder-men-ministrge-tapsyrma-berdi/
