Қазақстан Халық Кеңесі мүшелері бюджеттен жалақы ала ма
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов Тәуелсіздік сарайының кулуарында бұл консультативтік орган мүшелері бюджеттен жалақы алмайтынын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Мұрат Әбенов Қазақстан Халық Кеңесі жоғары конституциялық консультативтік орган екенін еске салды.
"Халық Кеңесінің мүшелері тегін жұмыс істейді, жалақы алмайды... Жұмыс толығымен ақысыз, қоғамдық негізде жүргізіледі. Ішкі құндылықтар, ұстанымдар, көзқарастар мен ар-ождан деңгейінде шынайы жұмыс істеуге тырысамыз", - деді ол.
Оның айтуынша, кеңесші орган мүшелері ешқандай лауазым атқармайды және шенеунік болып саналмайды.
"Біздің атымызға бекітілген кабинеттер мен автокөлік болмайды, әрқайсымыз өз қызметімізбен (қатар - ред. ескертпесі) айналысамыз", - деп атап өтті Әбенов.
Еске сала кетейік, 1 шілдеде Қазақстанның жаңа Конституциясы күшіне енді, оған ел азаматтары 15 наурызда өткен республикалық референдумда дауыс берген болатын.
Жаңа Конституцияға сәйкес, Қазақстан Халық Кеңесі – Қазақстан халқының мүддесін қорғайтын жоғары конституциялық консультативтік орган.
Қазақстан Халық Кеңесінің мақсаты – мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға консультативтік қатысу арқылы мемлекеттік басқару саласында Қазақстан халқының мүддесін қамтамасыз ету.
Күні кеше парламент мәжілісінің экс-төрағасы Ерлан Қошанов Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды.
Сондай-ақ кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөз сөйлеп, жаңа консультативтік органның басты жауапкершілігін атады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2432566-qazaqstan-halyq-kengesi-musheleri-biudzhetten-zhalaqy-ala-ma/
