Тоқаев: Қазақстан Халық Кеңесі Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды
Жарияланған күні:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Құрылтай депутаттарының қызметіне араласуға құқы жоқ екенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
"Мына нәрсені бірден түсініп алған жөн. Халық Кеңесі – Құрылтайға балама мекеме емес. Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды.
Депутаттардың қызметіне араласпайды. Заң бойынша осындай әрекеттерге құқы жоқ. Тиісінше, Құрылтай депутаттарының да Халық Кеңесінің жұмысына араласуға хақы жоқ", - деді перзидент.
Мемлекет басшысының айтуынша, бәрінің алдында тұрған басты мақсат: екі институт та бір-бірін толықтырып, бірлесе қызмет етуі керек. Сондықтан Халық Кеңесі мен Құрылтайдың комитеттері тығыз байланыста болып, үйлесімді түрде жұмыс істеуі қажет.
"Алдымызда тұрған мақсат та – бір, Отанымыз да – бір. Сондықтан бәріміз біртұтас ел болып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып Қазақстан халқы үшін табанды қызмет етуіміз керек.
Заң жобаларын әзірлеу барысында жұртшылықтың ой-пікірін, талап-тілегін толыққанды ескеру қажет. Құрылтай мен Халық Кеңесі әрқашанда бірге болса, осындай мүмкіндік міндетті түрде пайда болады.
Қазақстан Халық Кеңесіне этномәдени бірлестіктердің, аймақтық мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің, сондай-ақ, қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді.
Осылайша мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстың жаңа, ауқымды әрі біртұтас жүйесі қалыптасып отыр", - деді ол.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2432607-toqaev-qazaqstan-halyq-kengesi-quryltaidyng-quzyretine-kiretin-zhumyspen-ainalyspaidy/
