"Олардың көздегені біреу – қоғамды әлсірету": Тоқаев тіл төңірегіндегі арандатушылар туралы айтты
Жарияланған күні:
Читать на русском
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында еліміздегі қазақ тілі мен өзге де тілдердің рөлі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Кеңесте сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтты ұйыстырып, мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл екенін атап өтті.
"Бұрын болжаммен, долбармен ғана айтылатын жағдай қазір шындыққа айналды. Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды. Әсіресе, жастарымыздың қазақ тілінде еркін, сауатты сөйлейтіні қуантады.
Ана тіліміз мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие, ұлттық мәдениетімізді, болмысымызды шырайлы да шұрайлы туған тіліміз арқылы көрсетеміз. Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды", - деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, мұның бәрі – толеранттық пен сенімге негізделген ортақ жұмыстың нәтижесі.
"Алайда бұл басқа тілдерден бас тарту керек дегенді білдірмейді, әрі оларды шеттетуге құқық бермейді. Өздеріңізге мәлім, Конституцияда тіліне, тегіне, ұлтына, дiни көзқарасы мен нанымына немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсітуге тыйым салынған.
Соған қарамастан ара-тұра кейбір тісқаққан арандатушылар әлеуметтік желіде ұлтараздықты қоздырып, әдейі отқа май құяды. Мына нәрсені түсінген жөн. Олардың көздегені біреу – қоғамды әлсіретіп, Қазақстанның Егемендігіне нұқсан келтіру, елді бірліктен айырып, бейбіт, алаңсыз өміріміздің астаң-кестеңін шығару. Расында олар балаларымыз бен немерелеріміздің бақытты болашағының тамырына балта шапқысы келеді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сондықтан құқық қорғау органдары мен тұтас қоғам бұған табанды түрде қарсы тұруы керек екенін айтты.
"Конституцияда бекітілген "Заң мен тәртіп" қағидатына сай әрекет етуіміз қажет.
Тіл – Жаратқанның адам баласына берген ең үлкен игілігі, теңдессіз сыйы. Қандай да бір тілге қарсы күрес жүргізу – Жаратқанға, оның нығметіне қарсы шығу. Сірә, бұдан асқан ақымақтық болмас. Сондықтан тіл (қандай тіл болса да) бірлік пен өркениеттің өлшемі болуға тиіс", - деп қосты Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бүгінгі таңда түрлі ұлттың жастары қазақ тілі мен мәдениетін кеңінен насихаттап жүргенін тілге тиек етті.
"Бұған қалай қуанбайсың? Олар, шын мәнінде, рухани дүниесі бай, бойында талант тұнған жандар. Достыққа дәнекер болған осындай адамдар қашанда жоғары құрмет пен қолдауға лайық. Мемлекет те оларды елеусіз қалдырмайды. Өйткені қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, әлемдік үдерістердің өркениетті, табысты қатысушысы ретінде мемлекетіміздің абырой-беделін асқақтатуға осындай азаматтардың қосар үлесі зор", - деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше жыл бұрын өзінің тапсырмасымен арнайы "Ел бірлігі" ордені тағайындалғанын еске салды.
"Бұл – ұлт тұтастығын нығайтып, қоғамдық келісімді қамтамасыз ету жолында жемісті еңбек еткен жандарға берілетін бәсі биік, айрықша марапат. Конституциялық мәртебеге ие және халық атынан өкілдік ететін ұйым ретінде осы жоғары наградаға лайықты үміткерлерді Қазақстан Халық Кеңесі ұсынғаны дұрыс әрі әділетті деп есептеймін", - деді мемлекет басшысы.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2432639-olardyng-kozdegeni-bireui-qogamdy-alsiretu-toqaev-til-tongiregindegi-arandatushylar-turaly-aitty/
