Қазақстанда тағы бір сайлау өтуі мүмкін: Тоқаев мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі барлық деңгейдегі мәслихаттарды мерзімінен бұрын таратуды ұсынды, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Сессияда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесі заман талабына сай жаңғыртылып жатқанын айтты.
"Енді осы жұмысты тоқтатпай, тек алға қарай жүруіміз керек. Қазіргі кезеңде біз жергілікті өкілді органдардың, яғни мәслихаттардың сайлауын өткізуіміз қажет. Мәслихат депутаттарының өкілеттігі Конституцияда және тиісті заңдарда айқындалған мерзімге дейін сақталады", - деді мемлекет басшысы.
Президент олардың көпшілігі Amanat партиясының атынан сайланғанын, бүгінде бұл саяси ұйым "Әділет" партиясына қосылып, өз қызметін тоқтатқанын атап өтті.
"Жақында тиісті заңнамалық рәсімдер аяқталады. Сол кезде мәслихат депутаттарының басым бөлігінің қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды. Жалпы, жергілікті депутаттар аймақтағы жұртшылықтың мүддесін қорғайды, бюджетті бекітеді және басқа да міндеттерді орындайды. Бір сөзбен айтқанда, елді-мекендерді өркендету ісіне белсене атсалысады. Демек, өкілді органдар қызметінің заңға сәйкес болуы айрықша маңызды.
Сондықтан мен жақын арада премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңесемін. Содан соң тиісті жарлыққа қол қоямын. Көп ұзамай Орталық сайлау комиссиясы сайлау өтетін күнді жариялауы керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бұл қадам мәслихаттардың білікті әрі кәсіби корпусын қалыптастыруға жол ашып, оның жұмысына тың серпін беретінін жеткізді.
"Осы сайлаудың жоғары деңгейде және сапалы өтуіне сіздер де мол үлес қосасыздар деп сенемін", - деді мемлекет басшысы.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2432668-qazaqstanda-tagy-sailau-otui-mumkin-toqaev-malimdeme-zhasady/
