"Аталған саланы шамадан тыс реттеуге болмайды": Тоқаев жасанды интеллект туралы не деді
Жарияланған күні:

Мемлекет басшысы Астанада өтіп жатқан AI & Digital Bridge – 2026 халықаралық форумында сөз сөйледі. Ол жасанды интеллектіге қатысты мемлекеттің ұстанымы туралы сөз қозғап, негізгі мәселелерді сөз етті, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіге қатысты асқан жауапкершілік таныту қажет екенін атап өтті.
"Жақында президент Дональд Трамптың бастамасымен Американың жетекші технологиялық компаниялары Суперинтеллект туралы келісімге қол қойғанын айтқым келеді. Менің ойымша, мүдделі елдер осы тәсілді үлгі ретінде қарастырып, мұқият зерделеген соң жаһандық деңгейде қолдануға болар еді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру үшін жүйелі шаралар қабылданып жатқанына назар аударып, еліміздің жетістіктеріне тоқталды.
"Өткен жылы қазақстандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Цифрлық шешімдеріміз әлемнің 100-ден аса елінде қолжетімді. Бұл қадамдар мен жетістіктер еліміздегі және әлемдегі прогреске үлес қосуға Қазақстанның да ниетті екенін көрсетеді. Дегенмен озық технология саласындағы бұл жетістіктермен шектеліп қалуға болмайды. Біз еліміздің мықты технологиялық негізін қалыптастырамыз десек, инновациялық стартап-компанияларға нақты қолдау көрсетіп, озық жобаларды жүзеге асыруымыз керек", – деді мемлекет басшысы.
Бұл ретте президент өнеркәсіп саласы бойынша жасанды интеллект міндеттерінің тізімін жасау маңызды деп санайды. Аталған тізім нақты экономикалық қажеттіліктерге негізделуге тиіс.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев осы тізімге сүйене отырып, Қазақстан мен шетелден келген командалардың қатысуымен AI Challenge ұйымдастыруды ұсынды. Оң нәтиже көрсеткен үздік жобалар міндетті түрде өндіріске енгізіледі.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні реттеу мәселесін қозғады
Ол Қазақстанда цифрлық трансформацияның құқықтық негізі қаланғанын, "Жасанды интеллект туралы" заң мен Цифрлық кодекс қабылданғанын еске салды. Президенттің айтуынша, бұл арада мұқият ойластырылған институционалдық теңгерім мен тәуекелге негізделген тәсіл қажет.
"Аталған саланы шамадан тыс реттеуге болмайды. Өйткені әлеуеті зор командалар мен әзірлемелер және капитал басқа юрисдикцияларға кетіп қалуы ықтимал. Сондықтан қарапайым қағиданы ұстанған жөн: азаматтардың қауіпсіздігі, құқықтары мен аса маңызды мүдделері сынға түскен жағдайда, талаптар қатаң болуға тиіс, алайда шектен шықпаған дұрыс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы адам капиталына айрықша мән берді. Президенттің пікірінше, заманауи деректер орталығы, озық технологиялар өздігінен ешқандай нәтижеге кепіл бола алмайды. Ғалымдар, инженерлер, кәсіпкерлер болмаса, технологиялық серпіліс жасау мүмкін емес.
"Сондықтан біз білімді, білікті, жасампаз мамандар даярлайтын ұлттық ғылыми-инженерлік мектеп қалыптастыруымыз керек. Осы орайда, жаңадан ашылған Qazaq AI Research University-ге айрықша міндет жүктеледі. Бұл оқу орны білім берумен қатар, өндіріс пен экономиканың сұранысына сай ғылыми зерттеулер жүргізуге тиіс.
Осы мақсатпен жасанды интеллектіні нақты салаларда қолдануға арналған AI+X моделі қолға алынып отыр. Оның мүмкіндігін өндіріс, энергетика, медицина, қаржы, мемлекеттік басқару жүйесінде тиімді пайдалану керек. Жалпы, бізге дайын өнім мен жаңа технология жасай алатын мықты, яғни нағыз білікті мамандар қажет.
Осы тұста ескеретін маңызды мәселе бар. Жасанды интеллект адамның интеллектуалдық қабілетін алмастыратын құрал емес, оқу және білім алу үдерісіне көмекші тәсіл болғаны жөн. Технология қарқынды түрде дамыған сайын, білім алу, сыни ойлау, шешім қабылдау және жауапкершілікті сезіну қасиеттері аса өзекті бола түседі. Бұл – ақиқат", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану мәдениетін ілгерілетудің маңызы зор екенін айтты
"Жасанды интеллект – жаһандық құбылыс. Ешбір мемлекет оның әлеуетін жалғыз өзі толық пайдалана алмайды. Бізге халықаралық деңгейдегі білім алмасу, бірлескен зерттеулер, инвестициялар қажет. Технологиялық ынтымақтастық пен кадрлық әлеуетті дамытқан жөн. Қазақстан жасанды интеллектіні бейбіт мақсатта, қауіпсіз әрі жауапкершілікпен ілгерілетуді дәйекті түрде қолдайды. Технология адамға қызмет етіп, өркениеттің катализаторы болуы керек. Біз осы ұстанымнан айнымаймыз.
Жасанды интеллект жікке бөлмеуі қажет. Технологиялық кедергілер елдердің арасын алшақтатып, дамуымызды баяулатады. Сондықтан бүгінде ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың қалыптасқан арналарын сақтау өте өзекті. Халықаралық ықпалдастыққа қатысты көзқарасымыз ұлттық мүдделерді құрметтеу және технологияны бейбіт мақсатта қолдану қағидасына негізделеді", – деді мемлекет басшысы.
Президент жасанды интеллектінің мүмкіндігі молая түскен сайын, оның қаупі де артады деп пайымдайды.
"Киберқауіпсіздік, деректерді қорғау, ақпараттың сенімділігі, алгоритмдердің ашықтығы, қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілік – мұның бәрі кезек күттірмей қаралуға тиіс мәселелер. Шын мәнінде, жасанды интеллектіні қазіргі заманның мықты құралы, тіпті, қаруы деп те айтуға болады. Сондықтан оның әлемдік дамуға пайда немесе зиян әкелуі ең алдымен адамзатқа тікелей байланысты болмақ", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент: "Жасанды интеллект жастарға сапалы білім алып, жан-жақты даму үшін мол мүмкіндік беріп отыр"
"Жастарымыз осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жасанды интеллектіні еркін меңгерген, әр нәрсеге сын көзбен қарайтын білімді тұлға болып қалыптасқаны маңызды", – деді президент.
Мемлекет басшысы сөз соңында Қазақстан жаңа технологиялық экономиканың берік негізін қалағанын айтты.
"Цифрландыру және жасанды интеллект жылының басты мақсаты – қол жеткізілген табыстарды әр азаматтың игілігіне айналдыру. Жаңа технологиялық дәуірде еліміздің лайықты орын алуына қажетті алғышарттар бар. Табысымыз терең білімге, батыл шешімдерге, прагматикалық тәсілдер мен жауапты іс-әрекетке байланысты болмақ. AI & Digital Bridge таланттар мен идеяларды біріктіріп, халықаралық ынтымақтастықты тереңдете түсетініне, өршіл жобаларды қолға алуға ықпал ететініне сенімдімін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2436862-atalgan-salany-shamadan-tys-retteuge-bolmaidy-toqaev-zhasandy-intellekt-turaly-ne-dedi/
