Қазақстанда мәслихат депутаттарын сайлауға қанша ақша керек
Жарияланған күні:
Читать на русском
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник ведомствода өткен брифингте мәслихат депутаттарын сайлау неге Құрылтай сайлауынан қымбатқа түсуі мүмкін екенін түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Михаил Бортник мәслихат депутаттарын сайлау республикалық бюджет қаражаты есебінен жергілікті атқарушы органдардың шоттары арқылы қаржыландырылатынын атап өтті.
"Сайлау күні белгіленгеннен кейін ОСК шамамен смета жасайды. Смета аумақтық комиссиялардың өтінімдері негізінде жасалады. Мұның бәрі жинақталып, қаржы министрлігімен жұмыс істеу үшін үкіметке беріледі. Мәслихатқа сайлау өткізу үшін қажетті қаражаттың нақты көлемі үкімет шешімімен айқындалады.
Бұл сайлау кезектен тыс болғандықтан, олар бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының бюджетінде қарастырылмаған, сондықтан сайлау өткізуге арналған қаражат Қазақстан Республикасы үкіметінің резервінен бөлінеді", - деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, шығындар көлемі, ең алдымен, тартылған сайлау комиссияларының санына, сайлау науқанының ұзақтығына, сондай-ақ сайлауды ұйымдастыруға байланысты бірқатар өзге де көрсеткіштерге тәуелді.
"Алдыңғы сайлау науқанына қарағанда, естеріңізге сала кетейін, бүгін айтылғандай, бізде қосымша 3022 округтік сайлау комиссиясы жұмысқа кіріседі. Осы 3022 сайлау комиссиясында қосымша 15 110 комиссия мүшесі жұмыс істейтін болады. Әрине, олардың еңбегіне ақы төлеу үшін қосымша қаражат қажет болады. Екінші ерекшелігі: бір мандатты округтер бойынша кандидаттарды ұсынуға және олардың қатысуына байланысты қосымша шығын болады", - деп қосты спикер.
Тағы бір жайт – кандидаттар саны.
"Біз кандидаттардың бәсекесін де ескеруіміз керек. Бір орынға бірнеше кандидат таласа алады. Ал біздегі алдын ала ақпарат бойынша, ниет білдірушілер көп – үшеуден онға дейін және одан да көп болуы мүмкін. Егер олар тіркеуден өтсе, біз олардың үгіт-насихат жұмысына бюджет жобамызда қарастырылатын қаражатты бөлуге міндеттіміз.
Айта кетейін, сайлау бюллетеньдерінің түрі де өзгереді. Егер Құрылтайда бір бюллетень болса, мұнда сайлау облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарға өтетіндіктен, бюллетеньдер саны да сәйкесінше (көбірек болады – ред. ескертпесі). Бұл жағдайда бюллетеньдерді баспа өнімдерін шығаратын өңірлік кәсіпорындар дайындайды, олардың құны да сол өңірде қарастырылатын тиражға байланысты болады", - деп түсіндірді ОСК мүшесі.
Шығындардың өсуіне әсер ететін факторлардың бірі – сайлаушылар санының артуы.
"Құрылтай сайлауы өткен күнмен салыстырғанда, бүгінгі таңда сайлаушылардың жалпы санында өзгерістер бар екенін атап өткен жөн. Ол өсім жағына қарай ұлғайды, бұл да қосымша қаражатты талап етеді", - деп түйіндеді Михаил Бортник.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2442170-qazaqstanda-maslihat-deputattaryn-sailauga-qansha-aqsha-kerek/