Тоқаев кейбір әлеуметтік төлемдер жымқыру негізінде беріліп жатқанын айтты
Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде елімізде берілетін әлеуметтік жеңілдіктер мен төлемдер туралы ойын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының сөзінше, соңғы жеті жылда әлеуметтік саланы дамытуға 88 трлн теңге бөлінді.
"Мұны халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін салынған инвестиция деп қабылдаған жөн.
Қазір барлық аймақта, әсіресе, ауылдық жерлер мен шалғай елді мекендерде медициналық қызметтің сапасы артып келе жатыр. 2019 жылдан бері еліміз бойынша 1259 денсаулық сақтау мекемесі салынды.
Конституциямызда ақысыз медициналық көмектің кепілді көлемі туралы айқын жазылды. Еліміздің азаматтары медициналық қызметтің 1 мыңнан астам түрін ақысыз алуға құқылы. Бұл, түптеп келгенде, бірегей әлеуметтік көмек десек, артық болмас", - деді ол.
Сонымен қатар еліміздің әрбір мектебінде барлық бастауыш сынып оқушылары және әлеуметтік жағынан осал топтағы балалар, яғни, 1 млн 700 мыңнан астам оқушы ақысыз ыстық тамақ алуда.
"Елімізде неше түрлі әлеуметтік жеңілдіктер бар, тіпті, олардың кейбірі жымқыру негізінде беріліп жатыр. Сондықтан қазір үкімет бұл мәселені жан-жақты зерттеп, осы жұмыспен айналысуда", - деді президент.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2447079-toqaev-keibir-aleumettik-tolemder-zhymqyru-negizinde-berilip-zhatqanyn-aitty/