"Еліміздің егемендігін нығайтуымыз керек": Тоқаев Құрылтай депутаттарына зор үміт артатынын айтты
Жарияланған күні:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі жолдауында Қазақстанның болашағына қатысты ойын айтты. Президент Құрылтай депутаттарына және мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау мекемелеріне үміт артатынын жеткізді, деп хабарлайды Ақорда.
"Дәл осындай құбылмалы заманға қарамастан, Қазақстан ел дамуының жаңа дәуіріне үлкен сеніммен қадам басып, кең ауқымды саяси реформаны іске асырды. Бұл – дүние жүзінде өте сирек кездесетін құбылыс.
Енді алдағы уақытта да еліміздің егемендігін нығайтуымыз керек. Бұл – қазіргі әлемдегі бұлыңғыр ахуалда ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, өсіп-өркендеу деген сөз.
Осы жолда бүкіл қоғам, соның ішінде отаншыл, белсенді, білімді азаматтар қарқынды еңбек етуі керек. Құрылтай депутаттарына да үмітім зор.
Осындай жағдайда мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау мекемелерінің рөлі аса маңызды екені баршаңызға түсінікті.
Басқаша айтқанда, қазіргі буын өкілдері, яғни біз келе жатқан жас ұрпақтарға жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұрғыдан күші мен ықпалы бар Қазақстанды қалдыруымыз керек.
Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет".
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2448681-elimizding-egemendigin-nygaituymyz-kerek-toqaev-quryltai-deputattaryna-zor-umit-artatynyn-aitty/