Тоқаев: Тағам өнеркәсібіне қаржы бөлуді созбалаңға салмай, жобаларды дереу жүзеге асыру керек
Жарияланған күні:

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында ауыл шаруашылығы мәселесін көтері, Тағам өнеркәсібіне қаржы бөлуді созбалаңға салмай, жобаларды дереу жүзеге асыруды тапсырды, деп хабарлады Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Тоқаев үкіметке фермерлерді ұзақ мерзімге арналған инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі пәрменді тәсілдерді енгізуді тапсырды.
"Келесі мәселе. Ауыл шаруашылығының одан әрі қарқынды дамуына барлық күш-жігерімізді салуымыз қажет. Былтыр бұл сала шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жетті.
Жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайды. Дегенмен бөлінген қаражаттың бір бөлігі күнделікті қажеттіліктер мен айналымдағы қаражатты толықтыру үшін жұмсалып отыр.
Шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесі керек. Сондықтан үкімет фермерлерді ұзақ мерзімге арналған инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі пәрменді тәсілдерді енгізуі қажет", - деді президент.
Сондай-ақ Тоқаев ауыл шаруашылығы саласын технологиялық тұрғыдан жаңғыртудың сәті келгенін айтты.
"Бәйтерек" холдингі тағам өнеркәсібі саласында жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын әлеуеті зор жобалар тізімін дайындады. Соның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қолжетімді әрі жеңілдетілген шарттармен қаржы бөлу мәселесін созбалаңға салмай, сапалы жобаларды дереу жүзеге асыру керек.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласын технологиялық тұрғыдан жаңғыртудың сәті келді. Елімізде шығарылатын технологиялық тұрғыдан сапасы жоғары тракторлар мен комбайндардың санын көбейту қажет. Бұл – өзекті мәселе. Осылайша, біз ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра түсеміз", - деді мемлекет басшысы.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2448705-toqaev-tagam-onerkasibine-qarzhy-boludi-sozbalangga-salmai-zhobalardy-dereu-zhuzege-asyru-kerek/