jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Тоқаев 2027 жылдан бастап бизнесті тексеруге қайта мораторий енгізуді ұсынды

    Қасым-Жомарт Тоқаев
    Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

    Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында 2027 жылдан бастап бизнесті тексеруге қайта мораторий енгізуді ұсынды, деп хабарлады Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    "Енді шағын және орта бизнес туралы пікірімді айтқым келеді. Қазір оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жетті, ал негізгі капиталға тартылған инвестициядағы үлесі 70 пайызға жақындап келе жатыр.

    Шағын бизнестің маңыздылығы бәрімізге белгілі, ол көптеген елде экономиканың қозғаушы күші саналады. Бүгінде бұл саладағы кәсіпкерлердің үштен бірінен астамы саудамен айналысады. Сол себепті шағын бизнес құрылымын әртараптандыруға баса мән беру қажет деп үнемі айтып жүрміз.

    Сонымен қатар үкіметтің алдында орта бизнесті дамыту жөнінде арнайы жоспар әзірлеу міндеті тұр. Құжатта кәсіпорындарды ұзақмерзімді каржыландыру әрі технологиялық тұрғыдан жаңғырту тетіктері көрсетілуі қажет. Орта бизнес өкілдерінің ірі кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеп, оларға өз өнімдерін өткізуіне жағдай жасау керек.", - деді президент.

    Тоқаев бизнесті тексеруге үш жыл мароторийді қайта енгізуді ұсынды.

    "Іскерлік белсенділікті талдау нәтижесі көрсеткендей, бизнеске жай ғана кедергі келтірмеудің өзі жеткілікті.

    Бұл ретте 2020-2023 жылдардағы микро және шағын бизнесті тексеруге салынған мораторий тәжірибесі пайдалы болды. Бұл шешім өз тиімділігін толық дәлелдеді.

    Құрылтай депутаттарына үкіметпен бірлесіп, жаңа үш жылдық мораторий енгізудің орындылығын талқылауды ұсынамын. Оны 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастауға болады. Бұл ретте алдыңғы мораторийдің барлық оң және теріс тұстарын міндетті түрде ескеру қажет.

    Бұл қадамды бақылау-қадағалау жүйесін қайта іске қосуға арналған стратегиялық үзіліс әрі реттеудің цифрлық моделіне өту ретінде қарастырған жөн", - деді Тоқаев.

    Президент кей қитұрқы әрекеттерді тоқтату керектігін ескертті.

    "Кәсіпкерлерге, әсіресе, шағын және орта бизнеске тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекеге жол ашу қажет. Кей жағдайда осы талап сақталмайды. Оған дәлел: қазірдің өзінде өндірушілер, әсіресе азық-түлік саласындағы кәсіпорындар бірқатар қиындыққа тап болуда. Тіпті, әдейі жасалған кедергілер де бар.

    Мысалы, импорттық тауарлардың құны қолдан төмендетіліп отыр. Ал отандық өнімдердің ішкі нарыққа шығу жолы әдейі шектеліп жатады. Шынын айтқанда, бұл – жемқорлық. Сондықтан осындай қитұрқы әрекеттерді тоқтату керек.

    Мұндай ахуал еліміздің компаниялары мен тауарларының бәсекеге қабілетін едәуір әлсіретіп жіберетіні сөзсіз. Осындай іс-қимылдарға қатаң тосқауыл қоймасақ, экономикамызға зиян болатыны айдан анық. Басқаша айтсақ, бизнесті қорғау – ұлттық экономиканың дербестігін нығайту деген сөз.

    Ал бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау, бұл – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс деп айтсақ артық болмас. Сондықтан кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру, яғни нығайту қажет. Бұл жұмысты сауда бірлестіктері аясында жүргізуге де болады", - деді Тоқаев.

     

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram