Келесі жылдың соңына дейін елімізде жаңа Азаматтық кодекс қабылданбақ
Жарияланған күні:

28 қазандағы жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен ғасырдың 90-шы жылдарында қабылданған қолданыстағы Азаматтық кодексті жаңарту қажеттігін айтты. Ол Құрылтай депутаттары мен үкіметке тиісті тапсырма берді, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына жолдаған кезекті жолдауында жаңа Азаматтық кодекс қабылдау туралы ұсыныс айтты. Оның сөзінше, қолданыстағы құжат 30 жыл ішінде ескірді.
"Қазіргі жағдайда инновацияларды табысты енгізіп, экономиканың бәсекеге қабілетін арттыру ісінде құқық жүйесі айрықша рөл атқарады.
Қолданыстағы Азаматтық кодекс өткен ғасырдың 90-шы жылдарында қабылданды. Кодекс өзінің тарихи миссиясын толық атқарып шықты десек, артық болмайды.
Бұл құжат нарықтық экономиканың негізгі институттарын құруға жол ашты, меншікті қорғау қағидатын бекітті.
Бұған қоса, жаңа тарихи дәуірдегі азаматтық қатынастардың құқықтық негізін қалыптастырды. Дегенмен қанша жерден сапалы болса да, бұл Азаматтық кодекс өтпелі кезеңдегі экономика үшін әзірленді", - деді президент.
Ол мұны ескере отырып, Құрылтай депутаттары мен үкіметке жыл соңына дейін жаңа құжатты қабылдауды тапсырды.
"Сол кезде озық технологиялардың заты түгіл, аты да жоқ болатын. Әрине, соңғы 30 жыл ішінде бүкіл әлем, соның ішінде қоғамымыз түбегейлі өзгерді.
Осының бәрін ескере отырып, болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет деп санаймын.
Бұл кәсіпкерлердің, инвесторлардың және азаматтардың алаңсыз жұмыс жүргізуі үшін құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Құрылтай депутаттары Үкіметпен бірлесе отырып, осы маңызды құжатты әзірлеуге тез арада кіріскені жөн.
Құрылтай жаңа Азаматтық кодексті келесі жылдың аяғына дейін қабылдаса жөн болар", - деді ол.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2448753-kelesi-zhyldyng-songyna-deiin-elimizde-zhanga-azamattyq-kodeks-qabyldanbaq/