Тоқаев Қазақстанда жаңа реформа жүргізуді тапсырды: ол елдегі барлық мемлекеттік қызметшіге қатысты болмақ
Жарияланған күні:
Читать на русском
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында мемлекеттік аппараттағы алдағы реформалар туралы айтты, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлеген сөзінде Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін реформалау қажет екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, Конституция заңды күшіне енген соң еліміздің саяси жүйесі толық жаңғырды. Осыған байланысты мемлекеттік мекемелер алдында тұрған міндеттер де күрделене түсті.
"Қазір билік жүйесін дамытудың жаңа стратегиясына сәйкес осы саланы түбегейлі реформалау қажеттігі туындап отыр. Бұл үдерісте тұтас мемлекеттік аппараттың және әрбір мемлекеттік қызметшінің жұмыс тиімділігін арттыру маңызды міндет болуға тиіс.
Ең алдымен, үкіметтен бастап ауыл әкімдеріне дейінгі барлық деңгейдегі басқару құрылымын қайта қарау қажет", - деді мемлекет басшысы.
Президент билік жүйесі цифрландыру дәуірінің талаптарына сай жұмыс істеп, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білуі керек екенін айтты.
"Мемлекеттік мекемелерді ұтымды бастама көтеруге, дербес шешім қабылдауға ынталандыру қажет", - деді Қасым Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ мемлекет басшысы әрбір мекеме өз өкілеттігімен қатар, тұтас мемлекеттік аппараттың қалай жұмыс істейтінін нақты білуге тиіс екенін жеткізді.
"Жасанды интеллектінің көмегімен қайталанатын міндеттерді, басқару жүйесіндегі қарама-қайшылықтарды жою керек. Мемлекеттік аппарат қағазбастылықтан толық және біржола арылуы қажет. Шешім қабылдауға, яғни дамуға кедергі келтіретін барлық рәсімді қысқарту керек.
Мемлекеттік қызметшілер кәсіби білікті, озық маман болуға тиіс. Өкінішке қарай, әзірге мұндай деңгейге жеттік деп айту қиын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сондықтан мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеген жөн екенін мәлімдеді.
"Мемлекеттік қызметші, ең алдымен, Конституция талаптарын басшылыққа алып, Отанына және халқына адал қызмет етуге тиіс. Бұл жерде жекелеген өзгерістер туралы сөз болып отырған жоқ. Бізге шынайы реформа қажет. Көзбояушылыққа жол беруге болмайды. Бұл – құқықтық және қаржылық шаралар қабылдауды талап ететін аса күрделі үдеріс.
Президент әкімшілігі 2027 жылдың 1 маусымына дейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға қатысты кешенді жоспар ұсынуы керек.
Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік басқару жүйесін цифрлық технология мен жасанды интеллектіге негізделген жаңа экономикаға бейімдеп, жаңғырту қажет", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз