"Бірнеше рет ескерту жасалды": Бектенов "Самұрық-Энерго" басшысының қызметінен босатылуына қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов "Самұрық-Энерго" басшысы Қайрат Мақсұтовтың қызметінен босатылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Жаңа қуат көздерін салу мен іске қосудың белгіленген мерзімдерінің сақталуын тиісті деңгейде бақыламағаны үшін кеше "Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовты атқарып отырған қызметінен босату туралы шешім қабылданды. Оған бірнеше рет ескерту жасалғанымен, ол тиісті қорытынды шығарған жоқ. Сондықтан кеше президент тарабынан қатаң сын айтылды, содан кейін тиісті шешім қабылданды", - деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ ол энергетикалық жобаларды уақытылы жүзеге асыру қажеттілігіне байланысты Энергетика министрлігіне "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыруды, алдағы уақытта мұндай келеңсіз жағдайларға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
Одан бөлек Энергетика министрлігі "Самұрық-Қазына"қорымен бірлесіп, 2026 жылдың соңына дейін "таза" көмір технологияларын пайдалануды, жаңартылатын энергия көздерін дамытуды және келесі жылы "Балқаш" атом электр стансасы құрылысының басталуын ескере отырып, еліміздің 2035 жылға дейінгі бірыңғай энергетикалық теңгерімін қайта қарауға тиіс.
Жаңа атом электр стансаларын шикізат ресурстарымен қамтамасыз ету үшін "Самұрық-Қазына" қорына Атом энергиясы жөніндегі агенттікпен бірлесіп, уранның мемлекеттік стратегиялық резервін құруды қамтамасыз ету тапсырылды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз