Тоқаев Азия ойындары және Азия параойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады
Жарияланған күні:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындары және Азия параойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Ақорда.
Ақорданың хабарлауынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
Жарлыққа сәйкес, "Парасат" орденімен каратэден алтын медаль иегері Берульцева Софья марапатталды.
"Құрмет" орденімен:
- Алексей Луценко – шосседегі велоспорттан жекелей жарыстың және топтық жарыстың екі алтын медаль иегері.
- Кирилл Проходов – семсерлесуден командалық жарыстың алтын медаль иегері.
- Ерлік Сертай – семсерлесуден командалық жарыстың алтын медаль иегері.
- Иван Чернухин – академиялық есуден жұптық жарыстың алтын медаль иегері.
- Владислав Яковлев – академиялық есуден жұптық жарыстың алтын медаль иегері марапатталды.
"Ерен еңбегі үшін" медалімен:
- Жоламан Биғабыл – каратэден алтын медаль иегері
- Еркінғали Бүркіталин – аралас жауынгерлік жекпе-жектің алтын медаль иегері
- Наиль Ермұханбет – паравелоспорттан ерлер арасындағы жекелей уақытқа жарыстың және тас жолдағы жарыстың екі алтын медаль иегері
- Анастасия Калаус – паравелоспорттан әйелдер арасындағы жекелей уақытқа жарыстың және тас жолдағы жарыстың екі алтын медаль иегері
- Диас Кенжебек Ерболатұлы – паражүзуден алтын медаль иегері
- Бексұлтан Құлмырза – парадзюдодан алтын медаль иегері
- Ибрагим Нұрмаханұлы – парадзюдодан алтын медаль иегері
- Ақтолқын Сейілбекова – парадзюдодан алтын медаль иегері
- Рината Сұлтанова – шосседегі велоспорттан әйелдер арасындағы 24 км жекелей жарыстың алтын медаль иегері
- Ясмина Тоқсанбаева – жеңіл атлетикадан марафондық қашықтыққа жүгіруге қатысушы
- Тамирлан Тілеулес – таеквондодан алтын медаль иегері
- Вадим Шарлаимов – семсерлесуден командалық жарыстың алтын медаль иегері
- Қадырбек Шынбаев – аралас жауынгерлік жекпе-жектің алтын медаль иегері марапатталды.
Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде Қазақстан спортшылары Жапонияда өткен ХХ Жазғы Азия ойындары мен V Азия Пара ойындарында тамаша нәтиже көрсетіп, еліміздің мәртебесін асырғанын айтты.
"Бұл – мемлекетіміз үшін шын мәнінде үлкен жетістік және зор мақтаныш! Баршаңызға жарқын жеңістеріңіз құтты болсын деймін! Сіздер құрлықтың ең мықты спортшылары қатысқан дүбірлі дода кезінде ел намысын қорғап, жүзден жүйрік шықтыңыздар! Ұлттық құраманың табанды еңбегінің арқасында Азиада төрінде рухты Әнұранымыз шырқалды, көк Туымыз биікте желбіреді. Мен әрбір жеңісті нағыз патриотизмнің айқын көрінісі деп санаймын. Тұтас халқымыз сіздерге қолдау көрсетті, жанкүйер болды. Әр спортшының ел қоржынына қосқан медалі азаматтарымызға, әсіресе, өсіп келе жатқан жас буынға үлкен шабыт береді, оларды мықты, күшті болуға үндейді және алға жетелейді. Бүгін осы мерейлі сәтте мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін", - деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларымыздың жеңісті жолы елімізде болып жатқан түбегейлі өзгерістер рухымен терең үндесетінін атап өтті.
Президент соңғы жылдары еліміздің экономикасы айтарлықтай нығайып, жаңа даму көрсеткіштеріне қол жеткізе бастағанын тілге тиек етті.
"Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша мемлекетіміздің жалпы ішкі өнімінің көлемі 398 миллиард долларға жақындайды. Бұл – біздің аймағымыздағы ең жоғары көрсеткіш болмақ. Бірақ қазіргідей құбылмалы уақытта, әрине, қолда бар табысқа мәз болып, жайбарақат отыруға болмайды. Бәріміз осындай алмағайып заманда еліміздің әлеуетін арттыра түсу үшін белсенді әрі қажырлы еңбек етуіміз керек", - деді ол.
Мемлекет басшысы дүбірлі додада ел намысын абыроймен қорғаған спортшылардың жетістіктеріне тоқталып өтті.
"Азия ойындарында бақ сынаған белгілі спортшымыз Темірлан Тілеулестің есімі де отандық және әлемдік спорт тарихында қалатыны сөзсіз. Ол таэквондодан ел тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алды. Боксшыларымыз Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай чемпион атанып, ел намысын абыроймен қорғады. Қазақстанның мақтанышы атанған тағы бір спортшымыз – Софья Берульцева. Софья Токио Олимпиадасында каратэден қола жүлде алып, мемлекетіміздің абырой-беделін биіктетті. Ол осыдан төрт жыл бұрынғы Азия ойындарында алтын медаль еншіледі. Енді, міне, Жапония төрінде нағыз спорт шебері екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, Азиаданың екі дүркін чемпионы атанды. Қазақстан тарихында алғаш рет Азия ойындарының алты дүркін чемпионы атанған Алексей Луценко арамызда отыр. Ол Жапонияда өткен Жазғы Азия ойындарында жекелей және топтық веложарыста қос алтын медальді жеңіп алды. Алексей Луценко жылдар бойғы табанды еңбегінің, темірдей тәртібінің және қайсар мінезінің арқасында тамаша табысқа жетті. Параазия ойындарының екі мәрте чемпионы атанған Давид Дегтярев кәсібиліктің, ерліктің әрі жеңіске деген құштарлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Өткен жарыстарда Азияның жаңа рекордын орнатып, жеңіс тұғырына көтерілді. Пауэрлифтер Давид Дегтярев еліміздің және әлемнің ең атақты атлеттерінің бірі – екі Жазғы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы, үш дүркін әлем чемпионы. Спортшыларымыз өз жетістіктері арқылы Қазақстанның Туын халықаралық аренада биікте желбіретіп жүр", - деді президент.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2454018-toqaev-aziia-oiyndary-zhane-aziia-paraoiyndarynyng-zhengimpazdary-men-zhuldegerlerin-marapattady/