Тоқаев Спорт министрлігі мен федерацияларға Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындықты бастауды тапсырды
Жарияланған күні:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау кезінде сөйлеген сөзінде Спорт министрлігі мен федерацияларға қазірден бастап Лос-Анджелестегі Олимпиадаға дайындықты бастауды тапсырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Президент кез келген жеңісті жылдар бойғы дайындық пен үздіксіз еңбектің нәтижесі деп атады.
"Еліміз үшін әр медальдің орны бөлек, құндылығы жоғары. Мен осы жерде отырған спортшыларға алғыс айтамын. Чемпион болу спортшыға зор жауапкершілік жүктейді. Жеңіс тұғырына шыққан әр спортшының жолы – кәсіби спортқа бет бұрған жастар үшін үлгі-өнеге. Олар сіздерге қарап бой түзейді. Жалпы спорт дегеніміз – халықтың сана-сезіміне ықпал ететін, кез келген адамның ойын да, бойын да түзейтін өте мықты күш. Бұл – өмірдің ақиқаты. Спорт өскелең ұрпақты әдептілікке, тазалыққа, адалдыққа, ұқыптылыққа баулиды. Жастарымыз жігерлі, ұлтымыз рухты болса, мемлекетіміз де қуатты болады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қоғам болып орнықтырып жатқан жаңа этиканы, ең алдымен, ел алдында жүрген азаматтар, соның ішінде спортшылар дәріптеуге тиіс екенін айтты.
"Сіздер бұл маңызды миссияны абыроймен орындап келесіздер. Бүгінде қазақ спортының мәртебесі биік, әлеуеті мол. Сондықтан біз бұдан да жоғары көрсеткіштерге ұмтылуымыз керек. Алда төрт жылдық кезеңнің бас додасы – Лос-Анджелес Олимпиадасы келе жатыр. Жаһандық жарысқа спортшылармен қатар, тиісті министрлік пен федерациялар қазірден бастап тыңғылықты және белсенді дайындалуы керек", - деді президент.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2454060-toqaev-sport-ministrligi-men-federatsiialarga-los-andzheles-olimpiadasyna-daiyndyqty-bastaudy-tapsyrdy/