Тоқаев: Қазақ тілін дамыту – еліміздегі өзге тілдердің дамуына кедергі келтіру емес
Жарияланған күні:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Х құрылтайында сөз сөйледі. Жиында президент бір тілді басқа тілге қарсы қоюға болмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Мен Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында ел бірлігін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл екенін нақты айттым.
Дегенмен мына нәрсені есте ұстаған абзал: Қазақ тілін дамыту – еліміздегі өзге тілдердің дамуына кедергі келтіру емес. Басқаша айтқанда, ана тілімізді басқа тілдерге қарсы қоюға мүлдем болмайды.
Тілдерді пайдаланып, қоғамдық жанталас, жанжал жасағысы келетін арандатушылар өте қауіпті істермен айналысып жүр. Сондықтан оларды "Заң мен тәртіп" қағидасына сәйкес жауапкершілікке тарту керек.
Осы жерде тағы да қайталап айтқым келеді: кез келген тілге қарсы шығу – Жаратқанның адамға берген нығметіне қарсы шығумен бірдей.
Бір тілді басқа тілге қарсы қоюға болмайды. Бұл – үлкен күнә. Оның салдарын өз көзімізбен көріп жатырмыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, қазақ тілін ең алдымен бірлік пен ынтымақ тілі ретінде дамыту қажет.
"Ана тіліміз жаһан жұртшылығына тартымды тіл болуы керек. Біртұтас халқымызды бөліп-жаруға мүлдем болмайды. Өз тұтастығын сақтай алмаған халық басқаларға үлгі-өнеге көрсете алмайды, басқа елдердің құрметіне ешқашан ие болмайды.
"Бірлік бар жерде тірлік бар", бұл – өмірдің талай сынағынан өткен ақиқат. Біз бір-бірімізге құрмет көрсетіп, өзара сыйластықпен қарап, ынтымағымызды нығайта беруіміз қажет", - деді мемлекет басшысы.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2454558-toqaev-qazaq-tilin-damytu-elimizdegi-ozge-tilderding-damuyna-kedergi-keltiru-emes/