Таяу Шығыстағы қақтығыс: Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Иран халқына көңіл айтты
Опубликовано:
Читать на русском
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Иран халқына көңіл айтып, қақтығысты тек саяси және дипломатиялық құралдар арқылы шешуге шақырды.
"Соңғы қайғылы оқиғалар салдарынан бейбіт тұрғындардың, оның ішінде балалардың, сондай-ақ Ислам Республикасының жоғары басшылығы өкілдерінің қаза болуына байланысты Иран халқына қайғырып көңіл айтамыз.
Қазақстан достық пен жан-жақты ынтымақтастық қатынастарын дәйекті түрде дамытып келе жатқан және Иранға қарсы соғысқа қатыспайтын араб мемлекеттерінің азаматтық нысандарына жасалған соққыларға байланысты өкініш білдіреді.
Халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтау қарулы қақтығыстар кезінде азаматтық нысандар мен бейбіт халықты ерекше қорғауды талап етеді. Қазақстан Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті күшейту жөніндегі жаһандық бастаманы ұсынушылардың бірі ретінде қарулы қақтығыстар жағдайында адамгершілікті сақтаудың маңыздылығын атап өтеді.
Қазақстан халықаралық даулар мен қақтығыстарды халықаралық құқық нормалары мен БҰҰ Жарғысын қатаң сақтай отырып, тек саяси-дипломатиялық жолмен реттеу қажеттігі жөніндегі өзінің қағидатты ұстанымының өзгермейтінін растайды.
Өңірдегі зорлық-зомбылықтың одан әрі ушығуына жол бермеу мақсатында барлық тарапты барынша ұстамдылық пен жауапкершілік танытуға шақырамыз", - делінген Жетібаевтың жазбасында.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/universe/2349366-taiau-shygystagy-qaqtygys-qazaqstan-syrtqy-ister-ministrligi-iran-halqyna-kongil-aitty/