Шетелдегі барлық сайлау учаскесі жұмысын аяқтады: дауыс беру орны ең соңғы болып қай қалада жабылды
Жарияланған күні:

Шетелдегі барлық сайлау учаскесінде Құрылтай сайлауында дауыс беру аяқталды. Дауыс беру орны ең соңғы болып Сан-Францискода жабылды.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, шетелдегі барлық 79 сайлау учаскелік комиссиясы өз жұмысын аяқтады.
61 елде дауыс берген Қазақстан азаматтарының жалпы саны – 9623 адам. Бұл – сайлаушылардың 84,4 пайызы.
24KZ телеарнасының ақпаратына сәйкес, уақыт белдеуінің айырмашылығына байланысты Қазақстанның шетелдегі сайлау учаскелерінің ішінде Сан-Франциско қаласындағы дауыс беру орны ең соңғы болып жабылған.
Қазақстанның Бас консулдығында орналасқан сайлау учаскесіне Сан-Франциско мен Кремний алқабында, сондай-ақ консулдық округке кіретін өзге өңірлерде тұратын және уақытша жүрген Қазақстан азаматтары келіп, өз таңдауын жасаған.
Олардың арасында АҚШ-та білім алып жүрген студенттер, ғалымдар және жетекші технологиялық компанияларда еңбек ететін қазақстандық мамандар бар.
Осылайша, Сан-Францискодағы учаскенің жабылуымен Қазақстанның Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша шетелдегі дауыс беру процесі толық аяқталған.
"Қазақстандағы сайлаудың әлем бойынша ең соңғы дауыс беру нүктесі – ол біздің консулдық, яғни Сан-Франциско қаласындағы 472-сайлау учаскесі. Қазіргі сәтте сайлау бойынша дауыс беру аяқталды. Сайлауға отандастарымыз Лос-Анджелестен, Сан-Франциско, Кремний алқабынан келді. Дауыс берушілер арасында әсіресе АҚШ-та білім алып жатқан студенттер басым болды.
Біреуі солардың ішіндегі қазақтың дәстүрлі күйін орындап, бәрімізге ерекше көңіл-күй сыйлады. Сайлау учаскемізде дауыс беру процесі белгіленген талаптарға сәйкес ұйымдастырылып, азаматтардың өз таңдауын еркін жасауына қажетті жағдайлар қамтамасыз етілді", - дейді ҚР Сан-Франциско қаласындағы бас консулы Назира Нұрбаева.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
