"Ортақ тағдыр": Тоқаев Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасын "теңдессіз жоғары деңгейде" деп мәлімдеді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Синьхуа" жаңалықтар агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы туралы пікірін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Синьхуа" агенттігінің сауалдарына жазбаша жауап берді. Ол Қазақстан мен Қытай қарым-қатынас қазіргі таңда "теңдессіз жоғары деңгейде" екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, Астана Пекинмен арадағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті жаңа мазмұнмен толықтырып, ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашу арқылы одан әрі нығайтуға дайын.
Президент Қазақстан мен Қытайды ұзын шекара және ғасырлар бойғы тату көршілік тарихы біріктіріп тұрғанын атап өтті.
"Жолы бірдің – жүгі бір" деген қазақтың аталы сөзі бар. Екі елдің өзара қарым-қатынасы халықтарымыздың түпкілікті мүддесіне сай келеді. Бұл бүкіл Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңызды факторы болып саналады", - деді ол.
Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге Қазақстанға деген ізгі ниеті үшін шынайы алғысын білдірді.
"Тұрақты саяси диалогымыз қазақ-қытай стратегиялық әріптестігінің негізгі орталығына айналды. Бұл әріптестік шынайы ауқымды сипатқа ие болды. Ол сауда, инвестиция, энергетика, көлік, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениет сияқты барлық негізгі саланы қамтиды", - деп атап өтті президент.
Мемлекет басшысы екіжақты сауда көрсеткіштері жаңа рекордтар орнатып жатқанын мәлімдеді. Қытай Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасында бірінші орында тұр. Көлік және логистика саласы стратегиялық бағыттардың біріне айналды. Қазақстан Шығыс пен Батысты жалғайтын табиғи көпір іспетті.
"Қытайлық серіктестерімізбен бірлесе отырып, біз бұл географиялық артықшылықты еуразиялық ауқымдағы заманауи көлік-логистикалық инфрақұрылымға айналдырып жатырмыз. "Бір белдеу, бір жол" мегажобасын, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, жаңа теміржол желілерін салу, құрғақ порттар мен логистикалық терминалдарды кеңейту, шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарының мүлдем жаңа конфигурациясын қалыптастыруда", - деді президент.
Қазақстан басшысының айтуынша, ынтымақтастықтағы басым бағыт – Транскаспий халықаралық көлік бағыты немесе Орта дәліз. Ол Қытай мен Еуропа арасындағы көлік қатынасының маңызды буынына айналып келеді.
"Біздің ортақ міндетіміз – бұл бағытты барынша бәсекеге қабілетті ету. Сондықтан біз "ақылды кеденді" енгізуге, құжат айналымын цифрландыруға, ақпараттық жүйелерді синхрондауға және шекаралық рәсімдерді автоматтандыруға ерекше мән береміз", - деп атап өтті мемлекет басшысы.
Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара іс-қимыл жаңа сапалы деңгейге көтеріліп жатқанын атап өтті. Бүгінде ол дәстүрлі нақты сектордағы ынтымақтастықтан бастап цифрлық экономика саласындағы әріптестікті дамытуға дейінгі кең ауқымды қамтиды.
Оның айтуынша, ынтымақтастықтың технологиялық өлшемі ерекше маңызға ие. Қытай жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, робототехника, жаңа энергия көздері және жоғары технологиялық өндіріс салаларында әлемде көш бастап тұр. Қазақстан өз кезегінде жедел цифрлық трансформация бағытын ұстанды.
Тоқаев Қазақстанда 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғанын айта кетті.
"Жақында Шанхайға Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияға қатысу үшін барғанымда жетекші қытайлық технологиялық компаниялардың басшыларымен мазмұнды кездесулер өткіздім.
Цифрлық экономика, зияткерлік өндіріс, электронды коммерция, ғылыми зерттеулер және кадрлар даярлау салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға өзара қызығушылық бар екені анықталды. Дәл осы технологиялық ынтымақтастық қазақ-қытай қарым-қатынасының жаңа кезеңіндегі ең маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін", - деді ол.
Тоқаев жасанды интеллект бүкіл адамзаттың дамуына қызмет етуге тиіс екенін баса айтты. Мемлекеттер заманауи технологияларға, білімге және есептеу ресурстарына әділ қол жеткізуі керек.
"Бұл мәселеде біздің ұстанымымыз Қытайдың көзқарасымен үндес. Биыл шілдеде Шанхайда Қазақстан Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның (WAICO) 29 құрылтайшы мемлекетінің қатарына қосылды.
Бұл – жасанды интеллект саласындағы елдердің күш-жігерін үйлестірудің ашық әрі тиімді халықаралық жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам", - деп атап өтті ол.
Қазақстан мен Қытайдың халықаралық аренада өзара іс-қимылында динамика бар.
"Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының орталық рөлін нығайту, халықаралық құқық қағидаттарын қорғау, медиация мен шынайы көпжақтылықты ілгерілету, сондай-ақ қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу мәселелері бойынша ұқсас ұстанымдамыз", - деді Тоқаев.
Ол Қазақстан біртұтас Қытай саясатын берік ұстанатынын және мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатын бұзуға қарсы екенін атап өтті. Қазақстан БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК аясында Қытаймен үйлестіруді жалғастырады және "Орталық Азия – Қытай" форматындағы ынтымақтастықты толық қолдайды.
Президент биыл ШЫҰ-ның 25 жылдығы аталып өтіп жатқанын мәлімдеді. Ұйым өзара сенімге, тең құқылы болуға, диалогқа, мәдени әртүрлілікті құрметтеуге және бірлесіп дамуға негізделген "Шанхай рухын" сақтап қала алды. Ол бұл қағидаттарды халықаралық ынтымақтастықтың "стандарты" ретінде қарастырады.
Тоқаев келесі жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 35 жыл толатынын еске салды. Ресми саяси және экономикалық байланыстармен қатар, екі ел азаматтары арасындағы тікелей байланыстар да белсенді дамып келеді. 2026 жылы Қазақстан мен Қытайдың "Мәдениет жылын" өткізу бұл үрдістің айқын дәлелі болды.
Мемлекет басшысы бүгінде он мыңдаған қазақстандық студент Қытайда білім алып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар қазақстандық университеттерді таңдайтын қытай азаматтарының саны да артып келеді.
Қазақстанда жетекші қытайлық жоғары оқу орындарының филиалдары мен "Лу Бань шеберханалары" табысты жұмыс істеуде, академиялық ұтқырлық және жоғары оқу орындараралық ынтымақтастық бағдарламалары кеңейтілуде. Өзара визасыз режимнің енгізілуі туризмнің дамуына зор серпін берді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға келген қытайлық туристер саны 962 мыңға жетті, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 47 пайыз артық, деп атап өтті Тоқаев.
"Біз қытайлық достарымызға Қазақстанды барлық қырынан көрсеткіміз келеді. Олар заманауи Астана мен көне Түркістанды, Алматы таулары мен Маңғыстаудың бірегей ландшафтарын, Ұлы дала мен Ұлы Жібек жолының мұрасын, музыкамызды, ұлттық аспаптарымызды, тағамдарымыз бен қонақжайлылық дәстүрімізді көре алады. Сонымен қатар Қазақстан бүгінде дамудың жарқын үлгісін көрсетіп отырған көне өркениет елі – Қытайды үлкен қызығушылықпен тануда", - деп түйіндеді сөзін президент.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/universe/2421783-ortaq-tagdyr-toqaev-qazaqstan-men-qytai-qarym-qatynasyn-tengdessiz-zhogary-denggeide-dep-malimdedi/
