"Тарихтың өзі Қазақстан мен Қытайды бірге болуға жазды": Тоқаев "Синьхуа" агенттігіне сұхбат берді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық "Синьхуа" басылымына эксклюзивті жазбаша сұхбат берді. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық тақырыбын қозғады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
- Құрметті президент мырза! Соңғы екі жылда Сіз бен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің стратегиялық басшылығымен Қытай мен Қазақстан арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік тереңдеп, жаңа мазмұнмен толығуда. Екіжақты қарым-қатынастың қазіргі даму деңгейіне қандай баға бересіз?
- Қытай Қазақстан үшін әрқашан ерекше дос мемлекет болған және солай болып қала береді. Бізді ұзын-сонар шекара мен көпғасырлық тату көршіліктің тарихы біріктіреді.
Тарихтың өзі Қазақстан мен Қытайды бірге болуға, бір-біріне қолдау көрсетуге және халықтарымыз үшін жарқын болашақ құруға жазды. Белгілі қазақ мақалында айтылғандай, "Жолы бірдің – жүгі бір".
Біз Қытаймен достықты жоғары бағалаймыз. Екі ел арасындағы мұндай қарым-қатынас халықтарымыздың түпкілікті мүдделеріне сай келеді әрі бүкіл еуразиялық кеңістіктегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңызды факторына айналып отыр.
Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы қазіргі уақытта бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейде деп сеніммен айтуға болады. Бұл қуантарлық жайт.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға деген ізгі ниеті үшін әрі елімнің ықпалды еуразиялық держава ретіндегі рөлін түсінгені үшін шын жүректен алғыс айтамын. Тұрақты саяси диалогымыз қазақ-қытай стратегиялық әріптестігінің басты орталығына айналды.
Кездесулеріміз әрқашан ашық әрі сенімді атмосферада өтеді. Біз екіжақты күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді жан-жақты талқылап, өңірлік және жаһандық дамудың өзекті мәселелері бойынша ұстанымдарымызды салыстырамыз.
Стратегиялық әріптестіктің мұндай сипаты – жай ғана дипломатиялық формула емес. Бұл, шын мәнінде, кең контексте тату көршілікті нығайту бойынша атқарылатын қажырлы жұмыс. Ол сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты, саяси диалогты тереңдетуді, халықаралық аренадағы өзара іс-қимылды күшейтуді және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуді қамтиды.
Стратегиялық әріптестігіміздің шынайы жан-жақты сипатқа ие болғанын қанағаттанушылықпен атап өтемін. Ол сауда, инвестиция, энергетика және көліктен бастап өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениетке дейінгі барлық негізгі саланы қамтиды.
Екіжақты сауданың жаңа рекордтар орнатып жатқаны маңызды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша оның көлемі 11 пайызға артып, 50 миллиард долларға жақындады. Биылғы жылдың алғашқы алты айында тауар айналымы 27,2 миллиард долларға жетіп, төрттен бірге жуық өсім көрсетті. Қытай Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасында бірінші орында тұр.
Тағы бір аспектіге назар аударғым келеді. Біз үшін сауданың сандық өсімі ғана емес, экономикалық ынтымақтастық құрылымын өзгерту де маңызды.
Әлемдік дамудың қазіргі жағдайында шикізаттық модельден өнеркәсіптік және технологиялық кооперацияға біртіндеп көшу қажет. Ірі бірлескен өндірістер құрып, терең өңдеуді дамыту, қосылған құны жоғары өнімдер шығаруды арттыру және озық технологиялар трансфертін жүзеге асыру керек.
Мұнда ынтымақтастығымыздың әлеуеті зор деп білемін. Қытайлық достарымыз бен серіктестеріміздің де бізбен пікірлес екені қуантады.
Тағы бір стратегиялық бағыт – көлік және логистика. Қазақстан — Шығыс пен Батысты байланыстыратын табиғи буын. Қытайлық серіктестерімізбен бірлесіп, бұл географиялық артықшылықты еуразиялық ауқымдағы заманауи көлік-логистикалық инфрақұрылымға айналдырып жатырмыз.
"Бір белдеу, бір жол" мегажобасын, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, жаңа теміржол желілерін салу, құрғақ порттар мен логистикалық терминалдарды кеңейту, шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарының мүлдем жаңа конфигурациясын қалыптастыруда.
Ынтымақтастығымыздың технологиялық өлшемі ерекше маңызға ие. Қытай жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, робототехника, жаңа энергия көздері және жоғары технологиялық өндіріс салаларында әлемде көш бастап тұр. Қазақстан өз кезегінде жедел цифрлық трансформация бағытын ұстанып отыр.
Жақында Шанхайда өткен Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияға қатысу кезінде жетекші қытайлық технологиялық компаниялардың басшыларымен мазмұнды кездесулер өткіздім.
Цифрлық экономика, зияткерлік өндіріс, электрондық коммерция, ғылыми зерттеулер және кадрлар даярлау салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға өзара қызығушылық бар екені анықталды. Алдағы жылдары елордамызда дарынды балаларға арналған арнайы қазақ-қытай жасанды интеллект мектебін ашуды жоспарлап отырмыз.
Дәл осы технологиялық ынтымақтастық қазақ-қытай ынтымақтастығының жаңа кезеңіндегі ең маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін.
Елдеріміз халықаралық аренада серпінді әрекет етуде. Біздің Біріккен Ұлттар Ұйымының орталық рөлін нығайту, халықаралық құқық қағидаттарын қорғау, медиация мен шынайы көпжақтылықты ілгерілету, сондай-ақ қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу мәселелері бойынша ұстанымдарымыз ұқсас.
Қазақстан "Біртұтас Қытай" саясатын берік ұстанады және мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатын бұзуға қарсы.
Біз БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК аясында үйлестіруді жалғастырамыз. Қазақстан "Орталық Азия – Қытай" форматындағы ынтымақтастықты толық қолдайды.
Келесі жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 35 жыл толады. Тарихи өлшеммен алғанда бұл қысқа мерзім ішінде елдеріміз үлкен жолдан өтті.
Жиналған саяси сенім деңгейі, халықтарымыздың достық пен ынтымақтастыққа деген шынайы ұмтылысы алға қарай жылжу үшін бірегей мүмкіндіктер ашады.
Сондықтан алдымызда өзара сауда көлемін 100 миллиард долларға дейін жеткізу, сондай-ақ экономикалық ынтымақтастықтың сапасын арттыру сияқты ауқымды, бірақ орындалуы әбден мүмкін міндеттер тұр.
Қазақстан Қытаймен мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті дәйекті түрде нығайтуға, оны жаңа мазмұнмен толтырып, ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашуға дайын.
Қазақ-қытай қарым-қатынасының болашағы зор екеніне сенімдімін, өйткені мұны халықтарымыз қалайды. Қытай даналығында айтылғандай, "адамдар жұмылса, Тайшань тауын да орнынан қозғайды".
- Еуразияның қақ ортасында орналасқан Қазақстан — "Бір белдеу, бір жол" жобасын бірлесіп салудағы маңызды серіктес. Соңғы жылдары Қытай мен Қазақстан өткізу пункттерін жаңғырту, "ақылды кеден" және цифрлық логистика құру салаларында ынтымақтастықтың жаңа форматтарын белсенді игеруде. Сондай-ақ трансшекаралық теміржол тасымалы мен халықаралық көлік дәліздерін дамытуда жаңа нәтижелерге қол жеткізуде.
Екі елдің өзара байланыстылық пен логистикалық дәліздер салу саласындағы ынтымақтастығының болашағын қалай бағалайсыз? Бұл ынтымақтастық Қазақстанның өңірлік көлік-логистикалық торап ретіндегі рөлін нығайтуға қалай ықпал етеді?
- Жоғарыда айтылғандай, Қазақстан үшін көлік-логистикалық әлеуетті дамыту – стратегиялық басымдық. Қытайдан Еуропаға бағытталған барлық жерүсті транзиттік тасымалдың шамамен 85 пайызы біздің елге тиесілі және біз бұл көлемді арттыруға ұмтыламыз.
Сондықтан Қазақстан қытайлық "Бір белдеу, бір жол" бастамасын толық қолдайды және ұлттық стратегияларымызды одан әрі ұштастыруға белсенді қатысуға дайын. Үш құрлықты біріктірген бұл мегажобаның идеясы алғаш рет Астанада төраға Си Цзиньпин тарапынан жарияланғаны символдық мәнге ие.
Елдеріміз Еуразияның жаңа көлік архитектурасын дәйекті түрде қалыптастыруда. Бұл жұмыстың ауқымы жүк тасымалының динамикасынан анық көрінеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша трансшекаралық теміржол тасымалының көлемі 35 миллион тоннадан асты.
Автомобиль көлігі саласында да тасымал көлемі өсуде. Былтыр шамамен 8 миллион тонна жүк тасымалданды, бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 40 пайызға жоғары.
Жақында мен Арал – Каспий жаңа магистралінің құрылысын бастадым. Ол Шығыстан Батысқа қарай өткізу қабілетін екі есе арттырып, Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалдау уақытын 5 тәуліктен 3 тәулікке дейін қысқартады.
Жолаушылар әуе қатынасының дамып жатқаны да маңызды. Елдеріміз арасында апта сайын 21 бағыт бойынша 100-ден астам тұрақты жолаушылар рейсі орындалады. Қазақстан мен Қытайдың ірі қалалары мен өңірлері арасындағы бағыттар географиясы жыл сайын кеңейіп келеді.
Шанхайға жасаған жақындағы сапарым барысында Достық – Алашанькоу екінші теміржол желісін салу туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Оны іске қосу осы маңызды шекаралық өткелдің өткізу қабілетін екі есе арттыруға мүмкіндік береді.
Аягөз – Тачэн үшінші теміржолының құрылысы жүріп жатыр. Ол қолданыстағы инфрақұрылымды айтарлықтай жеңілдетіп, 20 миллион тонна көлемінде қосымша жүк ағынын қамтамасыз етеді.
Ынтымақтастығымызда Транскаспий халықаралық көлік бағыты немесе Орта дәліз басымдыққа ие әрі Қытай мен Еуропа арасындағы көлік қатынасының маңызды буынына айналуда.
Ортақ міндетіміз – бұл бағытты барынша бәсекеге қабілетті ету. Сондықтан "ақылды кеденді" енгізуге, құжат айналымын цифрландыруға, ақпараттық жүйелерді синхрондауға және шекаралық рәсімдерді автоматтандыруға ерекше мән беріп келеміз.
Қазақстан мен Қытай шекара арқылы жүктерді жедел тасымалдау үшін берік инфрақұрылымдық негіз құра алды.
Ляньюньгандағы бірлескен логистикалық терминал, "Қорғас – Шығыс қақпасы" құрғақ порты, Сиань мен Алматыдағы терминалдар, Ақтаудағы контейнерлік хаб табысты жұмыс істеуде. Чэнду қаласында қазақ-қытай теміржол жүк терминалының жаңа жобасы жүзеге асырылуда. Онда жақын арада Қытай тарапының келісімімен Қазақстан Бас консулдығын ашады.
Іс жүзінде біз Қытайдың өндірістік орталықтарын Қазақстан арқылы Каспий өңірімен, одан әрі еуропалық нарықтармен байланыстыратын бірыңғай желі құрып жатырмыз.
Осылайша, Қазақстан Еуразияның көлік-логистикалық хабы мәртебесін алуды көздеп отыр. Мұнда жүк тасымалымен қатар логистика, өңдеу, өндіріс, электронды сауда және заманауи сервистер дамитын болады.
Басқаша айтқанда, біз транзит экономикасынан өзара көлік байланысы экономикасына көшуіміз керек. Түптеп келгенде, міндет – бірегей географиялық орналасуымыздың жалпы прогреске, өңірлердің дамуына және азаматтардың әл-ауқатының артуына ықпал етуі.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/universe/2425372-tarihtyng-ozi-qazaqstan-men-qytaidy-birge-boluga-zhazdy-toqaev-sinhua-agenttigine-suhbat-berdi/
