Трамптың құттықтауы мен ЖИ-ді дамыту: Тоқаев пен АҚШ-тың арнайы өкілінің кездесуі қалай өтті
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делидегі БРИКС саммиті аясында АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гормен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып KAZ.NUR.KZ хабарлады.
️Серджио Гор ең әуелі Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында президент Дональд Трамп жолдаған құттықтау хатты табыстады.
"Құрметті Президент мырза! Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында жылы лебізімді қабыл алыңыз!
Миллиондаған қазақстандық Астанада және елдің түкпір-түкпірінде 1991 жылы республика Тәуелсіздігі жарияланғаннан бері көздің қарашығындай сақтап, еселей түскен бай мәдениетін, тарихи мұрасын және қайталанбас келбетін ерекше мақтанышпен паш етеді.
Мемлекеттеріміз арасындағы Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жоғары бағалаймын және мен президенттік лауазымды атқарған екі мерзімде қалыптасқан берік байланысты одан әрі нығайтамыз деп сенемін.
Қазақстан халқының бағына орай, Сіз сияқты тегеурінді әрі батыл көшбасшысы бар. Осы қуанышты сәтті сіздермен бөлісу – мен үшін зор мәртебе", - делінген Трамптың құттықтауында.
Мемлекет басшысы жылы лебізі үшін АҚШ президентіне алғыс айтып, Америка көшбасшысын Қазақстанға сапармен келуге шақыратынын растады.
️Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-америка стратегиялық серіктестігі қарқынды түрде дамып келе жатқанын атап өтіп, ықпалдастық аясын одан әрі нығайтудың маңызына тоқталды.
"Қазіргі уақытта Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысуға дайындалып жүрмін. Бұл екіжақты күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Өзара тиімді ықпалдастықты ілгерілету жолында сөзден гөрі нақты іске көшкенді жөн көреміз", – деді Қазақстан президенті.
Серджио Гор Қазақстан мен АҚШ көшбасшыларының тығыз әрі өзара сенімге құрылған қарым-қатынасының арқасында екі ел ынтымақтастығы бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті
"Бүгінде мемлекеттеріміздің сауда-экономикалық байланыстары мен ықпалдастығы белсенді өрбіп келеді. Президентіміз Қазақстанмен және Орталық Азиямен серіктестікті күшейтуге айрықша мән береді", – деді арнайы өкіл.
️Кездесу барысында бірлескен жұмыстың маңызды бағыттары, әсіресе, жасанды интеллект және цифрлық технология секілді басым салалар қарастырылды.
️Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серджио Гор өзара тиімді ынтымақтастыққа тың серпін беретін сан қырлы серіктестікті одан әрі кеңейтуге ниетті екендерін растады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/universe/2426741-tramptyng-quttyqtauy-men-zhi-di-damytu-toqaev-pen-aqsh-tyng-arnaiy-okilining-kezdesui-qalai-otti/
