23 қыркүйектен бастап Жапонияға виза алу тәртібі өзгереді: қазақстандықтарды не күтіп тұр
Жарияланған күні:
Читать на русском
23 қыркүйектен бастап Қазақстандағы Жапония елшілігіне келушілерге визаға құжат тапсырар алдында нөмірлі талондар беріледі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Жапония елшілігіне сілтеме жасап.
Қазақстандағы Жапония елшілігі 23 қыркүйектен бастап визаға құжат тапсырушыларды қабылдауды басқаша ұйымдастырмақ. Енді нөмірлі талондар құжат тапсырылатын күні беріледі.
Талонды сағат 09:30-дан бастап елшіліктің күту залынан алуға болады.
"Кезекке тұруға арналған нөмірлі талондар құжат қабылданатын күні сағат 09:30-дан бастап елшіліктің күту залында беріледі. Нөмірлі талон алған адамдар күту залында отырмай-ақ, сағат 12:00-ге дейін кез келген уақытта қабылдау терезесіне келе алады", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, талон алғандар визаға өтініш беру құқығына ие болады, алайда құжаттар бұрынғыдай кезек тәртібімен қабылданады деп нақтылады дипломатиялық өкілдік.
"Нөмірлі талондар тек берілген күні ғана жарамды және оларды келесі күні немесе одан кейін пайдалануға болмайды. Сондай-ақ визаға өтініш нәтижелерін алған кезде нөмірлі талон талап етілмейді", - деп атап өтті елшіліктегілер.
Елшілік жұмыс аптасының басы мен соңындағы жүктеме жоғары екеніне еске салды.
"Дүйсенбі және жұмада жүктеменің көп болуына байланысты, елшілікке аптаның басқа жұмыс күндері келуге кеңес береміз", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, өтініш берушілердің жекелеген санаттары құжаттарын нөмірлі талонсыз тапсыра алады. Бұл Жапония үкіметінің немесе мемлекеттік мекемелерінің шақыртуымен келуге, медициналық визаны ресімдеуге, сондай-ақ вербалды нота бойынша құжат тапсыруға қатысты.
Жаңа жүйе 2026 жылдың 23 қыркүйегінен бастап қолданылады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/universe/2428284-23-qyrkuiekten-bastap-zhaponiiaga-viza-alu-tartibi-ozgeredi-qazaqstandyqtardy-ne-kutip-tur/
