"Онсыз біз ешқашан табысты ел бола алмаймыз": Берлинге барған Тоқаев мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинде Германия канцлері Фридрих Мерцпен өткен келіссөздердің қорытындысы бойынша ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Ақорда.
"Қазақстанға бейбітшілік пен тұрақтылық қажет. Онсыз біз ешқашан табысты ел бола алмаймыз. Қазір даму жолында елеулі жетістіктерге жетіп келеміз, мұны көрсеткіштер де айқын дәлелдейді. Сондықтан Президент ретінде елімдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстанға жақын өңірдегі соғысты тоқтатып, бейбітшілікке қол жеткізуге шамам келгенше үлес қосуға бар күшімді саламын", – деді мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөздер екі елдің байланысын одан әрі нығайтуға жол ашатынына сенім білдіріп, бұл сапарға ерекше мән беретінін айтты.
"Германия – саяси ықпалы зор, әлеуеті мықты және халықаралық абырой-беделі жоғары мемлекет. Экономика, ғылым, технология және басқа да саладағы орасан жетістіктеріңіз – соның жарқын дәлелі.
Осы сәтті пайдаланып, құрметті Канцлер мырза, Сізді және барша отандасыңызды келе жатқан Германияның бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл Германияны дамудың жаңа дәуіріне бастаған, тұтас Еуропаның өсіп-өркендеуіне тың серпін берген тарихи күн екені сөзсіз. Мен достас герман халқының одан әрі көркейе беруіне шынайы тілектестігімді білдіремін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Германияны Қазақстанның Еуропадағы сенімді стратегиялық серіктесі әрі еліміздің Тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныған мемлекет деп атады.
Президенттің айтуынша, бүгінгі кездесулер мазмұнды және табысты өтті деуге толық негіз бар.
"Келіссөздер аясында жалпы құны шамамен 2 миллиард доллар болатын 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Келісімшарттар тиімді жүзеге асырылса, екі елдің ынтымақтастығы бекемделе түсетіні анық.
Мен ертең Бавария қаласына барып, бірқатар жоғары лауазымды тұлғалармен кездесуді жоспарлап отырмын. Сапар барысында бірегей жиын – Қазақстан-Бавария технологиялық форумына қатысамын. Бұл басқосу да елдеріміздің ынтымағын нығайтуға септігін тигізеді деп сенемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті мен Германия Федералдық Канцлері аймақтық және жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқан.
"Біз кез келген шиеленісті бейбіт және дипломатиялық жолмен шешу қажет деп есептейміз. Бұл – екі елге де ортақ ұстаным. Сонымен қатар біз "Орталық Азия – Германия" форматындағы диалогті одан әрі дамытуға келістік. Қазақстан Германиямен ұзақмерзімді, өзара тиімді және нақты нәтижеге негізделген стратегиялық серіктестікті күшейте түсуге ниетті", – деді мемлекет басшысы.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/universe/2435437-onsyz-biz-eshqashan-tabysty-el-bola-almaimyz-berlinge-bargan-toqaev-malimdeme-zhasady/
