Тоқаев Оман Сұлтанын елорда әуежайында қалай қарсы алды (фото)
Жарияланған күні:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әуежайында елімізге мемлекеттік сапармен келген Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты күтіп алды. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
"Қазақстан Республикасы Әскери әуе күштерінің ұшақтары мемлекет шекарасынан елордаға дейін Оман Сұлтаны мінген бортпен қапталдаса ұшты", — делінген хабарламада.
Мәртебелі мейманның келуіне орай ұшу алаңында Құрмет қарауылы ротасы мен Президент оркестрі сап түзеді.
Мемлекет басшысы екіжақты қарым-қатынасты дамыту тұрғысынан Оман Сұлтанының сапары тарихи мәнге ие екенін атап өтті.
"Оман Сұлтандығы экономикасын ілгерілетуде зор табысқа жеткен, халықаралық аренада өте белсенді әрі конструктивті дәнекер мемлекет ретінде белгілі. Еліңіздің өз аймағында, одан тысқары жерлерде, соның ішінде Қазақстанда да беделі биік. Мемлекеттеріміз арасындағы серіктестіктің әлеуеті зор екеніне сенімдімін. Алдымызда ынтымақтастық аясын мейлінше кеңейту міндеті тұр", – деді президент.
Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, ертеңгі келіссөздердің мазмұнды әрі жемісті өтетініне сенім білдірді.
Сапар аясында жоғары деңгейде келіссөздер жүргізу, бірқатар маңызды құжатқа қол қою, сондай-ақ мемлекеттер басшыларының қазақ-оман бизнес форумына қатысуы жоспарланған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/universe/2438512-toqaev-oman-sultanyn-elorda-auezhaiynda-qalai-qarsy-aldy-foto-video/
