Тоқаев пен Камбоджа премьер-министрі келіссөз жүргізді: олар не туралы уағдаласты
Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хун Манет кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорда.
П️резиденттің баспасөз қызметінің мәліметінше, мемлекет басшысы келіссөз аясында Камбоджа премьер-министрі Хун Манеттің Қазақстанға алғашқы сапары екіжақты қарым-қатынасты жандандыруға жол ашатынын және ортақ ниетті нақты іске ұластыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
"Биыл екі ел арасында дипломатиялық байланыс орнағанына 32 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде мемлекеттеріміз сындарлы саяси диалог жүргізіп, өзара тиімді ынтымақтастықты дәйекті түрде ілгерілетіп келеді. Біздің алдағы қадамдарымыз бүгін қабылдайтын Бірлескен мәлімдемеде көрініс тапқан. Сондай-ақ бірқатар құжатқа қол қоямыз. Қазақстан Камбоджаны Оңтүстік-Шығыс Азиядағы сенімді серіктесі және АСЕАН ұйымымен ықпалдастықты кеңейтудегі маңызды елдердің бірі ретінде қарастырады", - деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде Қазақстан мен Камбоджаның халықаралық аренада, соның ішінде БҰҰ жанындағы екі елдің тұрақты өкілдіктерінің қызметі аясында белсенді қарым-қатынасты жолға қойғанын атап өтті.
️Президент БҰҰ Бас ассамблеясының күн тәртібіндегі бірқатар мәселе бойынша Қазақстанның бастамаларына Камбоджаның қолдау көрсеткенін жоғары бағалады.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Хун Манеттің басшылығымен Камбоджа әлеуметтік-экономикалық табыстарға қол жеткізгеніне тоқталды.
️Мемлекет басшысы Қазақстан Камбоджа үкіметінің Cambodia Vision 2050 және Pentagonal Strategy бағдарламаларында межеленген ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыру бағытындағы күш-жігерін қолдайтынын айтты.
️Президент жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай әлеует бар деп санайды.
"Сіздің және делегацияңыздың елімізде жасанды интеллектіні дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларға қызығушылық танытып отырғандарыңызды білемін. Бүгін Астанадағы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында Қазақстанның осы салада қол жеткізген табыстарымен және негізгі әзірлемелерімен таныса аласыз. Еліміз БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту индексіне сәйкес, барлық бағытта оң динамика көрсетіп келеді. Ортақ ниет пен берік саяси ерік-жігер болса, өзара мүддемізге сай келетін көптеген бағыт бойынша ынтымақтастық аясын кеңейте алатынымызға сенімдімін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Премьер-министр Хун Манет екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың айрықша сипатына назар аударды.
"Камбоджаның 120-дан аса студенті Қазақстанда білім алды. Бүгінде олардың көбі провинцияларда губернатор, мемлекеттік хатшы лауазымдарында еңбек етуде. Сонымен қатар мемлекеттік органдарда жауапты қызметтер атқарып жүр. Бұл елдерімізді ортақ тарих пен халықтарымыз арасындағы тығыз қарым-қатынас байланыстыратынын аңғартады", - деді премьер-министр.
Хун Манет Камбоджа азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі салаларында ықпалдастықты жандандыруға ниетті екенін айтты.
️Тараптар жоғары деңгейде жүргізілген бүгінгі келіссөздер елдеріміз арасындағы сауда-саттық көлемін ұлғайтып, іскерлік барыс-келісті нығайтуға және серіктестің тың бағыттарын жолға қоюға ықпал ететініне сенім білдірді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хун Манет Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Қазақстан президенті мен Камбоджа премьер-министрінің қатысуымен үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттар алмасу рәсімі өтті.
- Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Камбоджа Корольдігі Пошта және телекоммуникациялар министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамы мен Камбоджа корольдігі Ішкі істер министрлігі арасында цифрлық үкімет, GovTech және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салалары бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Камбоджа корольдігі Сауда министрлігі арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Камбоджа корольдігі Мәдениет және көркем өнер министрлігі арасында мәдениет пен өнер салалары бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Камбоджа корольдігі Туризм министрлігі арасындағы туризм саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
- Астана мен Пномпень қалалары арасында бауырластық байланыс орнату туралы меморандум.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/universe/2443914-toqaev-pen-kambodzha-premer-ministri-kelissoz-zhurgizdi-olar-ne-turaly-uagdalasty/