Елді шулатқан отандық жұлдыздар

Опубликовано:

Соңғы күндері жұртшылық МС Сайлаубектің продюсері оны атқаны туралы жалған ақпарат таратқанын сынға алуда. Мұндай "қара пиарды" әдейі және аңдамай жасаған отандық жұлдыздар елімізде баршылық деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

NUR.KZ жұрт алдында жанжал шығарып, елді шулатқан танымал тұлғаларды назарларыңызға ұсынады.

Нұржан Төлендиев

Ел ішінде “Тука” аталып кеткен актер Нұржан Төлендиев біраз жыл бұрын қыз зорлады деген күдікпен ұсталып, жұртты дүрліктірген еді. Актердің өзі жеке басына қатысты мұндай масқараны мойындаған жоқ және БАҚ беттеріндегі мағлұматтарды жоққа шығарды.

“Айдалада жүрген біреудің әлпештеп отырған қарғадай қызын менімен қосып, атын бүлдіріп не көрінді бұл елге? Ойласам, күйіп кетемін. Көп болса, менің баламнан екі-үш жас үлкен қыз ғой. Нақақтан-нақақ адамды күйдіруге болмайды", – деген еді Нұржан сол оқиға жайында.

Қарақат Әбілдина

Қарақат Әбілдина жары Қыдырәлінің туған күніне тоқал сыйлайтынын айтып, қоғамды бір дүрліктірген болатын.

Халық сынына қалғаннан кейін Қарақат жұбайына тоқал алып беру ниетінің болмағанын, тіпті халыққа екі әйел алуды насихаттау ойында да жоқ екенін алға тартқан.

Ал бұған дейін әнші өзін Иманғали Тасмағамбетовпен байланыстырған ел аузындағы әңгімелерге қатысты жауабын беріп, жеке өмірі туралы өрбіген сөздердің ақ-қарасын айырып, нүктесін қоямын деп тағы елді шулатқан еді.

Ол сұхбатында Иманғали Тасмағамбетовті өзіне телу арқылы Қыдырәлінің намысына тиіп, мұқатуды көздеген біреулердің барын жасырмайды. Әнші мұны жұбайына тасада тұрып тас лақтырғандардың ісі деп ұғатынын ашық айтады.

«Баха Есентаев» (продюсер Баян Есентаеваның "күйеуі")

Ғаламторда танымал продюсердің жұбайына ұқсайтын азаматтың казинода төбелес шығарған видеосы жарияланды. Видео ойынханада орнатылған бақылау камералары арқылы жасалған. Роликтен байқауға болатындай, Баян Есентаеваның жолдасы Бақытбекке ұқсайтын азамат дилерге қол жұмсап, ойынхананың күзетшілерімен төбелескен.

Видеоны жүктегендер: "Есентаев Баха "Карлтон" казиносында $40000 ұтылып, дилерге қол көтеріп, күзетшілермен төбелес шығарды. Күзетшілер ештеңе істей алмаған", - деген жазу қалдырған.

Көпшіліктің пікірінің астында қалған видеоның нағыз қаһарманы кім екенін полицейлер анықтамайтын болды.

«Бұл жерде казино ішінде шу шығарған азаматтың кім екенін біз анықтамаймыз. Себебі, ешкімнен арыз келіп түскен жоқ. Тек, жазбадан қандай да бір құқықбұзушылық бар ма, жоқ па соны тексеретін боламыз. Бұрын-соңды аталған ойынханадан Қапшағай қаласының ІІБ шағым келіп түспеген. Қазір аталған казино жабылып қалыпты», - деді Алматы облысының ІІД арнайы өкілі Көбейхан Нұрахмет.

Танымал продюсер шулы видеода қызметкерлер мен қонақтарды тепкілеп жүрген бұзақыны «күйеуім емес» деп мойындамады. Дей тұра отбасысының атына кір келтірген азаматтың кім екенін анықтау үшін тәртіп сақшыларына арыз жазбады.

Мақпал Жүнісова

Халық әртісі Мақпал Жүнісованың да мас күйінде жанжал шығарған екі видеосы ғаламторға таралып, көпшіліктің талқысына түскен еді. Бір видеода әнші жас жігіттермен ішімдік ұрттап, балағат сөз айтып тұрса, екінші видеода оқиға әуежайда орын алған. Онда Мақпал Жүнісова билет көрсетуін талап еткен әуежай қызметкерлерімен керісіп қалған.

Бейбіт Қорған

Бейбіт Қорған 2010 жылдың қазан айында Атыраудан Алматыға келе жатып ұшақ ішінде спортшы жігіт Айдар Дауытовпен ілігіседі. Оның айтуынша, әнші әлденені бір айтып, шуылдап, қасында отырған спортшыға маза бермейді. Спортшы ескерту жасағанда, әнші оған боқтық сөз қайырады.

Ұшақтан түскен соң, спортшыны қасында білек сыбанған оншақты жігіт бар, Бейбіт Қорған күтіп тұр екен. Әлгілер сөзге келмей спортшыға жабылып, тепкілеп тастайды. Бұл төбелес Алматы әуежайының бақылау камерасына жазылып қалған.

Тағы бірде Атырауға концерт қоюға барған Бейбіт Қорған жергілікті «Ақ жайық» газетінің тілшісі Айнұр Сапарованы әртістер киініп-шешінетін бөлмеге қамап, зәбір көрсеткен. Соққыдан ерні гүп болып ісіп, тізесі жарылған журналист полицияға шағымданған. Бірақ, нәтижесінде тергеу ісі аяқсыз қалған көрінеді.

Ділназ Ахмадиева

Instagram микроблогында Ділназ Ахмадиева жанкүйерлерінің қызу талқысына түскен болатын. Әншінің парақшасына жазылушылар оның әріптестерімен париждік жеңіл жүрісті әйелдердің киімін киіп түскенін сынға алған.

Ахмадиева өз стилисіне жазған жауабында жанкүйерлерді "ақымақ" әрі "миы кішкентай" деп санайтынын айтқан.

"Зайка", олардың бәрі ақымақ, мән берме. Олар сахнаның не екенін еш уақытта түсіне алмайды. Олардың кішкентай миын да ашытудың еш қажеті жоқ", - деп жазған әнші.

Қайрат Нұртас

2013 жылдың 31 тамызында Қайрат Нұртастың Алматыдағы «Прайм Плаза» сауда орталығында болған концерті дау-жанжалмен аяқталды. Әнші сахнада пайда болысымен көрермендер қорғаныш заттарды бұзып, сахнаға қарай ұмтылған.

Әнін аяқтамастан сахнадан кетіп қалған Қайратқа ашуланған көрермен полицейлердің патрульды машинасын өртеп, аппаратураны талқандаған.

Жадыра Құтпанова

2014 жылы “Дауыс International” тобының экс-мүшесі, әнші Жадыра Құтпанова көлікті мас күйінде басқарған жерінен полицейлердің қолына түскен еді.

Әнші Бостандық ауданы ІІБ ғимараты алдында мінезін көрсетіп, бір тәртіп сақшысының киімін жыртса, келесісінің қолынан тістеп алған. Кейіннен әртіс үш жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.

Нұрлан Еспанов

NUR.KZ редакциясына оқырмандарымыздың бірі әнші әрі сазгер Нұрлан Еспановтың қатысуымен болған жол апатына қатысты видео жолдады.

Назар аударыңыздар!!! Бейнероликте балағат сөздер бар, сондықтан 18-ге толмаған азаматтар үшін бұл видеоны ашу ұсынылмайды.

Жүргізушілер арасында туындаған жанжал жол қиылысында тұрған автокөліктердің бірінің бейнетіркегішіне түсіп қалған.

Бейнероликтен байқауға болатындай, бағдаршамда тоқтап тұрған көлікке басқа көлік соғылған. Зардап шеккен көлік иесі мен соғылған көліктің иесі шығып төбелесе кеткен. Ал Нұрлан Еспанов оларды ажыратпақ болған.

Интернет пайдаланушыларының барлығы дерлік мұны "арзан қойылымға" теңеп, оқиғаға күле қараған. Дегенмен, осы жайтқа байланысты интернетте тағы бір бейнеролик пайда болды. Бұл жолы сол "төбелеске" қатысқан екінші тарап мәлімдеме жасапты.

Айтуларынша, олардың өздері де әнші көрінеді, шоу-бизнес әлеміндегі лақап аттары - Шyngys пен Kosmos. Ал жұрттың "арзан қойылым" деп күліп жүрген бейнеролик шынайы оқиға дейді олар.

Әншілердің сөзіне сенсек, Нұрлан Еспанов орын алған жайттан кейін инстаграм парақшасы арқылы жалған ақпарат таратқан көрінеді. Мәселенің мән-жайын қос "батырдың" өздері баяндап берді.

Әсел Сәдуақасова

Бірер жыл бұрын Әсел Сәдуақасовадан айнымайтын бойжеткеннің жалаңаш суреттері ғаламторда тез таралып, әншіні жағымсыз жағдайға қалдырған болатын. Әсел Сәдуақасова кадрдағы қыздың өзі еместігін баяндап, бұл әрекетті қастандық ойлаушылардың тарапынан шыққан арандатушылық деп атады.

Сәдуақасованың басына қатысты тағы бір даулы оқиға, бұрынғы күйеу жігіті Асылжан Рақышев әншінің сеніміне кіріп, жалған құжаттар жасау арқылы оның екі үйі мен автокөлігін өзіне рәсімдеп алған көрінеді. Ал Сәдуақасова төрт ай бойы әділдік үшін күресіп, жылжымайтын мүлігін қайтарып алуға тырысқан болатын.

Бақтияр Артаев

2014 жылы Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев қызға қол жұмсады деп күдікке ілінген еді. Жәбірленуші бойжеткен Айсұлу Ыбырашеваның айтуынша, оқиға Астанадағы Fashion түнгі клубында болған.

Оқиға болған көңіл көтеру орнының күзетшілері қыздың айтқандарын жоққа шығарған. Олар Артаевтың қызды ұрғанын көрмеген. Осыдан соң, спортшыға қатысты қылмыстық іс тоқтатылған еді.

Бауыржан Ибрагимов

Отандық әртіс Бауыржан Ибрагимов те осы жылы бейәдеп қылығымен жұрттың назарына іліккен еді. Әлеуметтік желілерде таралып кеткен видеода Ибрагимов өзіне қонақ үйде орын жоқ екенін айтқан қабылдау бөлмесіндегі бойжеткенді аяусыз сөзбен сыбаған. Қыз балаға былапыт сөздерді жаудырған әртістің әрекетін желі қолданушылары сынға алды.

Қайрат Түнтеков

Осыдан үш жыл бұрын Алматыда жол апатына себепкер әнші Қайрат Түнтеков "Лэнд Круизер" көлігімен соқтығысып, жүргізушініжол жиегіндегі арықтың арғы бетінен бір-ақ шығарған. Тізгінге ешбір құжатсыз әрі мас күйінде отырған әртіс бірден өз кінәсін мойындаған.

Арада 2 ай өткенде, жағдай одан әрі ушығып, сотқа жеткен. Жауапкершіліктен жалтарған жұлдыз сахнадан да жырақ кеткен болатын.

Осы орайда зардап шеккен тарап, әншіні ақша төлемей қашып жүр деп айыптаған.

"Осыдан 3 жыл бұрын Алматыда жол апатына себепкер болған әнші зардап шеккен тарапқа төлеуі тиіс өтемақыны әлі бермей жүр", - деген еді жол апатынан зардап шеккен азаматша.

Алайда Қайраттың директоры Олжас Айманов зардап шеккен Назира Есаманованың бұл шағымымен келіспейді. Айтуынша, әншінің ешқандай да жауапкершіліктен бас тартатын ойы жоқ және ол шығармашылығымен айналысып жүр.

“Қайрат қашып та, жасырынып та жүрген жоқ. Шындығында, ол адамдар бізді іздемеген. Менің де, Қайраттың да нөмері оларда бар. Ол тараптың сот орындаушысы да, адвокаты да бізге хабарласқан жоқ. Тек іздеуге беріп қойыпты. Бұл адамдарға тек пиар қажет. Қайраттың атағына әбден кір келтірді. Ол 40 күн изоляторда отырып шықты”, – дейді әншінің директоры Олжас Айманов.

Тағы оқыңыз:

Луинаның қызбен сүйісіп, ортаңғы саусағын шошайтқаны көпшіліктің ашуын келтірді (фото)

"Жігіттер" тобындағы Айдар "әйелдің ұрысқақтығын басатын" шай шығарып жатыр

Айнұр Ілиясова кино стиліндегі ерекше қызойнақ өткізді (фото)

Ділназ Ахмадиева сүйіктісімен бірге теңізде демалып жатыр (фото)

Рано Омарова алғаш рет жұртқа сүйіктісі мен сәбиін көрсетті (фото)

Ерке Есмаханды табынушылары Мақпал Жүнісоваға теңеді (видео)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1145873-eldi-shulatqan-otandyq-zhuldyzdar/