Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қиярға да пиар керек": Танымал тележүргізуші елді шулатқан бағдарламасы туралы ашып айтты

Опубликовано:

Жыл басында Youtube желісінде жарыққа шыққан "TalkLike" жобасының алғашқы санын көпішілік қызу талқылап, жүргізушісі Аман Тасығанды бейәдеп сұрақтары үшін сөккен еді. Қалаулым жобасының "атышулы жұлдызы" Замирамен сұхбаттасып, сынға ілккен танымал журналист NUR.KZ порталына эксклюзивті сұхбат берді.

"Қиярға да пиар керек": Танымал тележүргізуші елді шулатқан бағдарламасы туралы ашып айтты
"Қиярға да пиар керек": Танымал тележүргізуші елді шулатқан бағдарламасы туралы ашып айтты: UGC

- Аман мырза, сізді халық осыған дейін тәрбиелік мәні зор, салмақты бағдарламалар жүрзізушісі ретінде жақсы танитын еді. Енді осы "TalkLike" жобасын бастаймын деп, жиған абыройыңызға нұқсан келтіріп алдым деп ойламайсыз ба?

- Бұл жобаның соңғы санында Тұңғышбай Жаманқұлов ағамызбен сұхбат көрермен назарына жол тартты. Өнерде жүрген үлкен ағамыздың жан дүниесіндегі күйзеліс, бүгінгі жағдайы – аса маңызды шаруа деп ойлаймын. Сондықтан да оны салмақсыз деп айта алмаймыз.

- Олай болса, осындай ауқымды жобаңыздың бірінші кейіпкері ретінде неге Замираны таңдадыңыз?

- Стратегиялық жоспар бойынша, елге айтары бар ағаларымыздың әңгімесі құлаққа жетуі үшін осылай істедік. «Қиярға да PR керек» дейді. Сондықтан бұл - мақсатты түрде жасалған қадам. Нәтижесінде мен өзімнің көздеген мақсатыма жеттім, жұрт назары ауды.

Видеодан скриншот
Видеодан скриншот: UGC
"Енді мына оңбаған не айтады екен, енді мына оңбаған кіммен сұхбат өрбітеді екен?" деп, қазір жұрттың қызығушылығы туып тұрғаны анық. Сол беті бері қараған аудиторияны сәтті пайдалану – менің көздегенім.

Ал егер, сол беті бері бұрылып тұрған контенттің, аудиторияның, тыңдарманның мүмкіндігін пайдалана алмай, қызықсыз сұхбаттармен немесе түкке тұрғысыз әңгімелермен жұрттың басын ауыртып алсақ, онда бұл менің әлсіздігім болар еді.

- Яғни, бұл қара PR болғанын жасырмайсыз ғой?

- Жасырмаймын! Себебі әркімнің өз деңгейіне қарай сұрақ қою керек. Мен алдыма келген адамның дәрежесіне "түсуге" бармын. Мәселен, эфирде аузына келгенін айтып жүрген адамға саяси-экономикалық, әдеби-көркем немесе қоғамдық маңызы бар сұрақ қоюдың қажеті жоқ қой? Оған қоса, бұл кейіпкерде бір саяси сауат бар деп те ойламаймын.

- Жоба көрерменге жол тартқан соң, кейіпкеріңіз жұрттың жағымсыз пікірін көріп (Замира) сізге ренжімеді ме?

- Керісінше, Замира маған бірнеше рет қоңырау шалып, «Аман, мен сенің абыройыңа нұқсан келтіріп қойған жоқпын ба? Мұндай пікірлер маған күнде жазылып жүр, сен ел алдында жүрген азаматсың ғой» деп алаңдап отырды. Оның бұлайша мені қолдап жатқандығы – адамгершілігінің жоғары екенін көрсетті.

Жалпы, Замираның ақылсыздығы да бар шығар.. Бірақ ешқандай арам ойы жоқ.

- Бүгінде блог жүргізу арқылы бизнес жасап отырғандар бар. Сіз де солай ақша тапқыңыз келеді ме?

Басты мәселе ақша табу емес. Мәселен, мен Қазақ радиосында бірнеше маңызды хабарларды жүргіздім. Онда қаншама жақсы әңгімелер айтылды. Бірақ мен мақсатыма жете алмадым. Себебі, қазіргі уақытта адамдардың барлығы ғаламтор арқылы ақпарат алады. Оны мойындауымыз керек.

Ел ағаларының жақсы ойлары жастар құлағына жетсінші деген ниетпен осындай қадамға барып жатырмыз. Бұл бағытты «әдейі» таңдадым. Себебі, интернетте 35 жасқа дейінгі адамдар отырады. Ал қазақ радиосын тыңдайтындар, шамамен, 40-тан асқандар.

Болашақта жақсы адамдардың сұхбаты көп болады. Сәйкесінше, қоғамдағы «атышулы» адамдардың да сұхбаты шығып тұрады. Екі ақылды адамның әңгімесін көрерменге жеткізу үшін міндетті түрде арасында бір-екі «ақымақпен» әңгімелесіп отыру керек деп ойлаймын.

- Танымал адамсыз. Көпшілікке сіздің жеке өміріңіз қызық екені рас..

- Менің жеке өмірім аса қызық емес. Әйелім, үш балам бар. Арақ ішіп, темекі шекпеймін. Тоқал алмаймын.

- Әдетте, ел алдында жүрген адамдар үйде көп бола бермейді ғой.. Тойға шығасыз. Жұрт сізді жақсы көреді. Келіншегіңіз қызғанбайды ма?

- Адам болған соң, қызғанады. Бірақ ешқандай мәселе жоқ. Қызғануға негіз болса ғана қызғанады. Жайдан-жай «жынды қатын» сияқты дау шығармайды. Оған уақыты да жоқ.

Үш баланы тәрбиелеуі керек. Мектепте балаларға сабақ беруі керек. Үйде отырған ата-анамды қарауы керек. Ата-анамның "келіні", менің "келіншегім", балаларымның "анасы", мектепте "мұғалім". Ағылшын тілінен сабақ береді.

- Алдағы жоспарларыңыз қандай? Бағытыңызды өзгертуді, журналистикадан кетіп, өнерге араласуды ойламайсыз ба?

- Меніңше әркім өз шаруасымен айналысуы керек. Мәселен, режиссер Сатыбалды Нарымбетов әнді қанша жақсы айтса да, сахнаға шығып әнші болмайды. Себебі ол өзінің кино адамы екенін біледі. Ал біздің әншілер кино түсіре береді. Режиссерлер ән айта алмайды.

- Көптеген әншілердің «журналиске» айналып кетіп жатқанына қалай қарайсыз?

- Көрермен соқыр емес, құлағы керең емес. Олар өзіне керектісін біледі. Кім нағыз өз ісінің маманы екенін біледі. Журналист ән айтып жатса тыңдамайды, әнші бағдарлама жүргізіп жатса басқа бағдарламаларды іздеп кете беретіні анық.

Әркім өз шаруасымен айналысса, барлығы сәтті болады деп ойламын. Мысалы, Денис Тен барып футбол ойнамайды ғой? Бірақ, өкінішке орай, бізде әркім өз орнын білмей қалды...

Назар аударыңыз! NUR.KZ сайтында пікір қалдыру ережесі өзгертілді. Өз пікіріңізді білдіру үшін тіркеліңіз. Оны қалай жасау керектігін мына жерден көре аласыз>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1719012-kiarga-da-piar-kerek-tanymal-telezrgizusi-eldi-sulatkan-bagdarlamasy-turaly-asyp-ajtty/

pixel