Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өкіріп жыладым": Алуа Қонарова "Орда" тобына өкпесін жеткізді

Опубликовано:

Отандық танымал продюсер Алуа Қонарова әйгілі "Орда" тобымен жұмыс істеген кезін есіне алды. Екі жыл бойы танымал музыкалық ұжымға продюсерлік еткен шоу-бизнес өкілі оларға деген өкпесін жеткізіп, жан сырын ақтарды. Бірге көптеген жетістіктерге жеткенімен, ордалықтар продюсерімен арақатынасты үзіп, шетелді бағындыруға аттанып кеткен. Қоластындағы шәкірттерінің бұл әрекеті Қонарова үшін аса ауыр соққы болған деп жазады KAZ.NUR.KZ "Ел аузында" бағдарламасына сілтеме жасап.

Фото: видеодан кадр/Instagram. Коллаж: KAZ.NUR.K
Фото: видеодан кадр/Instagram. Коллаж: KAZ.NUR.K: Instagram

Алуа Қонарова "Орда" жігіттерімен жұмысын тоқтатқаннан кейін, біраз уақытқа дейін өзіне келе алмай жүргенін жасырмады. Продюсер күйзеліске түсіп, үйінде өкіріп жылаған кезі болғанын жайып салды.

"Ордалықтармен жұмысты 2002 жылы бастадым. Ол кезде мен Рахат Тұрлыхановтың продюсері едім. Мен жігіттерді бір кештерде байқап қалып, олармен кездесу белгіледім. Нәтижесінде, олардың өздері де маған келуді мақсат еткен болып шықты. Бірақ, жұмысымыз ұзаққа бармады. Өкінішке орай, 2004 жылы жолымыз екіге айырылды.

Олар ТМД елдеріне танылып, кейін тіптен әлемді бағындырғысы келді. Мен олармен екі жыл ғана жұмыс істедім. Мұндай қысқа мерзімде олар мүмкін емес нәрсені сұрады. "Орданы" жан-жақты таныту үшін мен көп адамдардан қарыз алғанмын. Кейін табысқа кенеліп, оларды шетінен қайтарып жаттық. Халық оларды бірден қабылдай алмады. Басында шынымен, қиналдық. Алайда, бір жылдан кейін олардың әндері хит бола бастап, біз гастрольдік сапарлардан көз ашпадық.

Нағыз шарықтау шегіне жетіп қалып, бірнеше айға концерттеріміз жазылып қойғанда арақатынасымыз үзілді. Бұл жайт маған ауыр тиді. Мен арамызда шынайы әрі жылы қарым-қатынас бар деп ойладым. Бірақ, кенеттен жасалған соққы мен үшін өте ауыр болды. Бұл жағдай мен үшін үлкен сабақ болды. Әлі есімде, сол кезде мен кешке үйге келіп, олардың бейнебаяндарын көріп, өкіріп жылайтынмын. Мен бір жақын адамымнан айырылып қалғандай күй кештім" , - деді продюсер.

"Орда" тобы Қонаровамен жұмысын тоқтатып, бірден Ресейге музыкалық турға аттанған. Алайда, әлемді бағындырмақ болып арман қуып кеткен ұжым көрші елде сәтсіздікке ұшырап, елге қайта оралады.

Өз қателігін түсінген жігіттер ең алдымен, бұрынғы продюсеріне келіп, одан кешірім сұраған. Бірақ, Қонарова "Ордамен" жұмысын жалғастырмады. Ол кезде белгілі продюсер атышулы "Ringo" тобын құрып, олармен бірқатар жетістіктерге жетіп үлгерген еді.

Айта кетейік, Алуа Қонарова алдағы уақытта кітап жазып, отандық шоу-бизнестегі былықтардың барлығын ашатынын айтты.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1842365-kirip-zyladym-alua-konarova-orda-tobyna-kpesin-zetkizdi/

pixel