RU

"Ешқандай ұрыс-керіссіз": "Гәкку" арнасының бас продюсері қызметінен кетті

Тимур Балымбетов енді "Гәкку" арнасының бас продюсері емес. Бұл туралы тележүргізушінің өзі хабарлады. Арнаны алты жыл бойы басқарған маман өз орнын босатып, отбасындай болып кеткен ұжыммен қимай қоштасты. Белгілі продюсердің бұл шешіміне не түрткі болғанын KAZ.NUR.KZ материалынан біле аласыздар.

Фото: Instagram/balukz
Фото: Instagram/balukz: Instagram

"Гәкку" құрылған сәттен бастап, оның бас продюсері болған Тимур Балымбетов сүйікті арнасынан кетіп қалды. Тележүргізуші бүл маңызды шешімі жөнінде өзінің Instagram парақшасында хабарлаған. Онда ол алты жыл бойы етене жұмыс істеген ұжымымен өткізген естен кетпес сәттерімен бөліскен.

"Қош бол, Гәкку. Мен "Гәкку" арнасындағы соңғы жұмыс күнімді өткіздім. Бұлай жазудың өзі де біртүрлі екен. Мен бұл жобадағы жұмысымды 2013 жылы қараша айында бастадым. Бұл ғажайып алты жарым жыл болды. Бұл уақытта қаншама мүмкін емес болып көрінген іс тындырдық.

Ютубтағы алғашқы миллион тіркелуші, елдегі ең ірі музыкалық фестиваль Gakku Дауысы, Ерке Есмаханның миллион жинаған клипіне продюсерлік еттік, ең жарқын әрі кәсіби марапаттау салтанаттары, Follow Wars пен Ұят парад секілді қайталанбас жобалар, Gakku FM радиосының ашылуы, менің авторлық бағдарламам, "Тойдуман" атты екінші арнаның ашылуы.

Бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Бірақ біздің күшіміз әрдайым адамдарда, ұжымда болды. Сіздерді сақтап қалу үшін қанша күресуге тура келді, достар. Бірақ, сендер соған тұрарлықсыңдар. Мен сендерді сондай қатты жақсы көремін және бағалаймын. Әрқайсыңыз жүрегімнен ерекше орын алдыңыздар. Оны ешкім баса алмайды. Ұзақ жылдар бойы біз махаббат пен сыйластықты негізге ала жұмыс істедік. Олар біздің ДНҚ-да қала береді деген сенімдемін. Махаббат демекші, дәл осы жерде мен өз махаббатымды жолықтырдым. Бұл Лаура екеуміздің хикаямызда мәңгі болады.

Отандық музыка индустриясына ерекше үлес қосқан барша әріптестеріме алғыс айтамын. Бұл менің өз шешімім. Ешқандай ұрыс-керіссіз. Өткенге өкпе жоқ, болашаққа жоспар көп. Алыстап кетпеңіздер. Жақында сіздерді жаңалықтарыммен қуантатын боламын. Ұзақ уақыт бойы қолдау білдіргендеріңізге мың алғыс" , - деп жазды Тимур Балымбетов.

Еске сала кетейік, Тимур Балымбетов жақында сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1858552-eskandaj-rys-kerissiz-gkku-arnasyny-bas-produseri-kyzmetinen-ketti/