Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Түрмеге отырасың деді": Кентал өзіне полиция қысым көрсеткенін жайып салды

Опубликовано:

Кентал лақап атымен танылған отандық әнші күні кеше ғана басынан өткен оқиғамен бөлісіп, көпшіліктен көмек сұрады. Өнер иесі өзіне полиция қызметкерлері қысым көрсеткенін ашық түрде айтты. Оның сөзінше, тәртіп сақшылары оны бөлімшеде бес сағаттан артық уақыт ұстаған деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Фото: видеодан кадр.
Фото: видеодан кадр.: Instagram

Кентал полицейлердің қатысуымен болған жағымсыз оқиғаның мән-жайын Instagram желісінде баяндады.

Белгілі болғандай, құқық қорғау қызметкерлері әншіні үйінен алып кетіп, өз бөлімшелеріне апарған. Оған өнер иесінің төрт жыл бұрын түсірген видеосы себеп болған.

Атылмыш бейнежазбада ол полицей формасымен өмірде ауыр кезеңді өткеріп жатқандарды уайымға салынбауға шақырып, соңында "бәрібір бәрібір өлеміз" деп айтқан.

Шоу-бизнес жұлдызы полиция бөлімшесінде өзіне қысым көрсетілгенін айтты. Тіпті бастапқыда, екі сағат бойы оның қорғаушысын кіргізбей қойыпты.

"Сәлем достар, бүгін 13 шілде. Таңертең келеңсіз оқиға орын алды. Менің үйіме екі полиция қызметкері мен арнайы жасақтың қарулы екі сарбазы жетіп келді. Олар өзінің қызметтік куәлігін көрсетіп, маған ІІД басшылығына баруымды сұрады.

Қолдарында ұстау туралы хаттамалары болған жоқ. Мен еш қарсылықсыз келістім. Жол-жөнекей өз қорғаушыма хабарласып, жағдайды айттым.

Мен кіргеніммен, адвокатты ІІД ғимаратына кіргізбей қойды. Мен оның болуын талап етсем де, кіргізген жоқ.

Қылмыстық полиция басшысы Еркін Ильясұлына кірдік.

Ол жерде маған психологиялық қысым көрсетілді. Маған "түрмеге отырасың" дегендей қорқытпақ болды.

Бірақ, мен заңсыз ештеңе жасаған жоқпын. Мен шеруге, митингке шақырған жоқпын. Ешкімге жаман сөз келтірген жоқпын. Мен бар болғаны вайн түсірдім. Ол осыдан төрт жыл бұрын әзіл ретінде түсірілген бейнежазба.

Онда мен ешкімді ренжіткен жоқпын. Ол видео енді ғана шығып, маған деген қызығушылық артқан. Мен полиция басшысымен видеоны жоққа шығарып тағы бір бейнежазба түсіремін деп өзара келістік. Түсірдім.
Сосын мені басқа бір басшыға кіргізді. Ол жерде "тергеуді бастаңдар, істі сотқа жіберіңдер" деді. Жанағы видеоны бекер түсірдім деп өкініп қалдым.

Одан кейін екі сағаттан соң, менің қорғаушымның кіруіне рұқсат берді. Ол менің қасымда болып, тәртіп сақшыларына сұрақ қойды.

Адвокат олардан қылмыс құрамының бар-жоғын сұрағанымен, полицейлер түк жауап бере алмады.

Сосын тағы да, қылмыстық полиция басшысына кірдік. Ол менімен ғана емес, менің қорғаушыммен де дөрекі сөйлесті.

Ол бізге "керек болса қазір екеуің де изоляторға барасыңдар, мен қайда айтсам сонда барасыңдар" деді.

Мен енді істің ары қарай не боларын білмеймін. Полиция деген бізді қорғайтын орган емес пе? Ал мен өз жағдайымда қорғайтын тарапты қайдан іздерімді білмей отырмын" , - деді ол.

Әнші барлық жағдайды өз оқырмандарына егжейлі-тегжейлі түсіндіріп, олардан кімге жүгінуге болатынын сұрады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1864802-trmege-otyrasy-dedi-kental-zine-policia-kysym-krsetkenin-zajyp-saldy/

pixel