Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ернар Айдар лотерея қатысушыларына неліктен ақшасын қайтармайтынын айтты

Опубликовано:

Ернар Айдар
Фото: ticketon.kz

Қазақ эстрадасында өзіндік қолтаңбасы бар әнші Ернар Айдар "лоторея дауына" байланысты кезекті рет мәлімдеме жасады. Ол қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүріп жатқанын жеткізіп, көпшіліктен сабырлық танытуды сұрады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

"Ассалаумағалайкум баршаңызға! Құрметті лотерея ойынына қатысып алданып қалған ағайын. Мен сіздерді жақсы түсінемін, сіздер маған сеніп лоторея билетін сатып алдыңыздар (ол үшін басымды иіп кешірім сұраймын), дәл сіздердей мен де ойын ұйымдастырушыларына сеніп алданып отырмын.

Алла бәрін көріп тұрғой, осы ойынға қатысты менде титтей де болсын арам ой болған емес, сол себепті маған да түсіністікпен қарауларыңызды өтініп сұраймын.

Қазірде Алматы Қаласы Бойынша Экономикалық Тергеу Департаментінде тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Мен ешқайда қашып жүрген жоқпын. Сол тергеу жұмыстарына куәгер ретінде бар шындықты айтып, тергеудің аяқталуын күтіп жүрмін.

Құрметті ағайын сіздер сатып алған билеттің ақшасына келер болсақ, ол ақшаның бір теңгесі де менде емес, сіздерге билетті сатып ақшасын алған сол ойынның ұйымдастырушылары Оспанов Азат, Темірбек Ернар, қазірде осы ұйымдастырушыларға тергеу жұмыстары жүріп жатыр, яғни сіздердің ақшаларыңыз сол ұйымдастырушыларда.

Мен тек жарнама жасадым: ол үшін қатты өкінемін, сіздерден шын жүрегіммен басымды иіп кешірім сұраймын.

"Жарнама үшін алған ақшаңды халыққа бермейсің бе? Қайырымдылыққа көмектеспейсің бе?" деп сұрап жатқан ағайынға айтарым:

"Дәл осы жарнама жасап, алған ақшамның атынан мен өздігімше ештеңе істей алмаймын, барлығын заң шешеді. Тергеу бітіп, сот қалай шешім қабылдайды солай болады. Заң жүзінде жарнама үшін алған ақшаңды қайтар десе қайтаруға дайынмын. Заң жүзінде жарнама үшін алған ақша өзіңде қалады деп шешім қабылдаса, онда Алла қаласа, Алла разылығы үшін мен ол ақшаны қайрымдылыққа жұмсауға да дайынмын". (Алайда, алдын да, қазіргі таңда да өзімнің атымнан, отбасымның атынан, жасырын да, жария да Алла разылығы үшін, қолдан келгенше қайрымдылық жасап жүрміз).

Ақ қарасын білмей, маған қарғыс айтып, жаман сөздер айтып жатқан ағайын: "Жүйелі қарғыс жүйесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табады".

Иә, мен сүріндім. Мүмкін сіздер адамзаттың ешқашан сүрінбейтін түрінен шығарсыздар!

Менде осылай өмір сүруді бір күндері үйренермін. Уақыт төреші. Мен сіздерге тек қана жақсылық тілеймін! Тергеудің аяқталуын күтейік", - деді өнер иесі Instagram желісіндегі парақшасында.

Еске салсақ, Ернар Айдардың алаяқтық бойынша күдіктеліп жатқаны бұған дейін хабарлаған болатын.

Оңтүстік астанада жалған лотерея ұйымдастырған бір топ азамат ұсталған болатын.

ТЖ режимін бұзып, желіде ұтыс өткізгендер арасында танымал әнші Ернар Айдар да бар болып шықты. Бүгінде аталмыш конкурсты ұйымдастырған адамдарға қатысты алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1878662-ernar-ajdar-loterea-katysusylaryna-nelikten-aksasyn-kajtarmajtynyn-ajtty/

pixel