"Көше берсін": Белгілі журналист шетелден пәтер алып жатқан жұлдыздарға шүйлікті
Жарияланған күні:
Отандық танымал журналист Мөлдір Жанбаева шетелден жарыса үй алып, өзгелерді соған үгіттеп жүрген өнер жұлдыздарын сынап тастады. Ол Қазақстаннан көшу туралы ой тастап, елден кетіп жатқан адамдарға тиісті шара қолдануды талап етті деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Мөлдір Жанбаева отандастырының өзге елден баспаналы болып жатқанына еш қарсылығы жоқ. Алайда, олардың шетелден алған пәтерлерін асыра мақтап жарнамалап, халыққа көшу мәселесін насихаттап жатқаны ұнамайды.
"Басқа мемлекетке көшіп кете ме, айға ұшып кете ме, бұл – әркімнің өз қалауы. Жағдайы жетіп тұрса, 20 мемлекеттен баспана алып қойсын. Бірақ, инстаграмына 3-4 млн оқырманды жинап алып, сол жақтағы баспаналарды қуыс-қуысына дейін мақтауын асырып жарнамалаулары – маған ұнамайды. ЖК бағаларын Қазақстанмен салыстырып, әлдеқайда арзан тұратынын, тамақтың бағасы да қолжетімді екенін, құрылыс жүріп жатқан аумақты, бөлме-бөлме, жиһаздары, бала ойнайтын ауласына дейін насихаттады.
«Бүкіл қазақ көшіп келсін демейміз. Бірақ, осы жақтан да бір «Қазақ ауылын» жасақтасақ, несі жаман?» деп қойып жібереді дейсің. Тіпті «көшу» туралы онлайн сабақтар өте бастады. Сол мемлекетпен сауда үйрену мәсілесіне қарсылығым жоқ, тіпті қуанар едім. Бірақ, «Қоныс аудару» деген тақырыпшамен сабақ ұйымдастыру қаншалықты дұрыс? Ал, ол постың астындағы «Мен көшкім келеді. Бұйыртса аз қалды, мен де кетем. Көшу үшін неден бастасақ болады?» деген коменттерді оқып, жаным ауырды" , - деп бастады Жанбаева.
Белгілі журналист мемлекеттен көшіп кеткен адамдарды жауап тартуды ұсынды. Ақпарат өкілі олардың парақшасын бұғаттап, Қазақстан аумағында оқылмайтындай еті керек екенін алға тартты. Бұл туралы ол Facebook желісінде айтты.
"Меніңше, елден кеткен адамның (әсіресе әлеу.желіде оқырманы көп ) инстаграмы 2-3 айдан кейін бұғатталуы керек н/е Қазақстан аумағына оқылмайтындай шектеу жасау керек. Әйтпесе, әлемнің кез келген елінде жатып алып, инстаграм жарнамаларымен айналысып, ГИВ ұйымдастырып күн-көрістің қиыншылығын бәрібір сезінбейді. Есесіне, қарапайым халықтың санасын бұзуға қарқынды үлес қоса береді.
Сол жақтағы жайлы өмірді, ыңғайлы тұрмысты айта беріп, онсыз да жүйкесі жұқарған халықтың ойын бұзуға қарсымын! «Мәңгіге кетіп қалуды емес, уақытша тұрып келуді айтып отырмыз» деп ақталғандар да бар. Ал, сол уақытша кеткен адам болашақта қайтқысы келмей қалмасына кім кепіл" , - деп жазды журналист.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1887093-kse-bersin-belgili-zurnalist-setelden-pter-alyp-zatkan-zldyzdarga-sjlikti/