Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қастыққа жақын": Балғынбек Түркиядан үй алғанын жарнамалаған әншілерді сөкті

Жарияланған күні:

Балғынбек Имаш
Фото: Instagram/balgynbek_official

Отандық танымал айтыскер Балғынбек Имаш шетелден үй алғанын жұртқа жария салып, жарнамалаған Алтынай Жорабаева мен Қарақат Әбілдинаны сынап тастады. Ақынның айтуынша, әншілердің бұл әрекеті өзгелердің елден көшуіне ой салады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Балғынбек Имаш қос әншінің пәтерлі болып жатқаны үшін қуанышты екенін айтты. Алайда, оған олардың бұл жаңалығын қалың көпшілікке жариялап, сатып алған үйлерін қайта-қайта жарнамалағаны мүлдем ұнаған жоқ.

Белгілі айтыскер қазақстандықтарды Түркияға шақырған эстрада жұлдыздарын сынап тастады. Ол аталған жұлдызды жанұялардың мұндай насихатының астарында бір мақсат бар екенін болжады.

Балғынбек Имаш Жорабаева мен Әбілдина туралы бар ойын Instagram желісінде білдірген.

"Мен үшін қазіргі қазақ аруларының, қазақ қыздарының, қазақ аналарының ең әдемі үлгісі боп саналатын санаулы өнерпаздар бар. Солардың бірі - Қарақат болса, бірі - Алтынай Жорабаева. Қатты құрметтеймін, сыйлаймын, жақсы көремін, мақтан етемін! Бірақ, бүгінгі жазбаммен оларды ренжітіп алуым мүмкін. Айтпасам болмайды.

Жақында бірі Аланияға барып демалғандарын, сол жерден үй алғандарын әлеуметтік желіде жариялады. Көп ұзамай тағы бірі сондай қуанышын желіде сүйіншіледі. Алла берекелі етсін! Шын жүрегіммен тілектеспін. Бірақ, оны жарияға жар салып жарнамалағандарыңыз дұрыс болмады. Сіздер жәй қазақ емессіздер ғой. Сіздердің бір сөзден үдере көшуге дайын ел бар.

Тәуелсіз Отанының болашағын бұлыңғыр көріп, ертеңінен үміт үзген ел көп. Билікке сенбейтін, жемқорлыққа тойған, төреден көңілі қалған, несиеден шаршаған ел әйт десең, атамекенін тастап кез-келген "өркениетті" елге көшкелі отыр. Осы сәтте елдің Еңбек сіңірген қайраткерлері, мәдениеттің майталмандары, оның ішінде дәстүрлі өнердің қаймақтары шетелдің "жұмақ мекенін" жарнамалауы достықтан гөрі қастыққа, жанашырлықтан гөрі жаулыққа жақын. Басқа жұртты білмеймін, менің туысқандарым, бірге туған бауырларым Аланиядан үй алып, көшейік деп отыр" , - деді айтыскер.

Балғынбек Имаштың өзі Қазақстаннан өзге елде үш күннен артық тұра алмайтынын айтты. Ол тіпті Мекке мен Мәдинаны сағынса да, ол жерде тұрақты түрде тұра алмайтынын жасырмады.

"Мен талай шетелдерде болдым, Азия мен Еуропаға, алыстағы Африкаға да барып өз елімнен артық мекен көрмедім. Ең туыс деген Түркия түгіл, Қырғызстан мен Өзбекстанда үш күннен артық қалсам қазақтың жерін сағынам. Алтай мен Атырауда апталап, Ақтау мен Ақтөбеде айлап, Жезқазған мен Жамбылда жылдап жата берем. Мекке мен Мәдинаны сағынсам да ол жерде ұзақ тұра алмас едім.

Жерорта теңізі бір барып демалғанға жақсы шығар, бірақ Аққу көлін, Дуадақ шөлін сағынбай тұра ма? Басқа елдердегі қандастар оралып, тек Түркия мен Еуропадан қазақтарды келтіре алмай отырғанда, елдегі қазақтарды сол жаққа шақырудағы - мақсат қандай? Кейде тіпті, жақсы мақсатпен жасалған іс, өлшемей сөйлеген сөз Отаның үшін қауіпті болып жатады. Артық айтсам, кешіріңіздер" , - деп жазды ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1887167-kastykka-zakyn-balgynbek-imas-trkiadan-j-alganyn-zarnamalagan-nsilerdi-skti/