RU

"Жағдайы жақсарды": Дәрігерлер коронавируспен ауруханаға түскен Бесбаевтың халін айтты

Мейрамбек Бесбаев
Мейрамбек Бесбаев. Фото: instagram.com/m_besbaev

Коронавирус инфекциясын жұқтырып, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан «МузАРТ» тобының әншісі Мейрамбек Бесбаевтың жағдайы жақсарды. Өнер иесі емделіп жатқан аурухана дәрігерлері оның қазіргі халін айтты деп жазады ҚазАқпарат.

Алматыдағы № 7 қалалық клиникалық ауруханасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, Мейрамбек Бесбаевтың жағдайы бүгінде оңалып келеді.

"Науқас 16 қаңтар күні №7 қалалық клиникалық ауруханасына жедел жәрдем бригадасымен ауыр халде жеткізілді. Бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Онда ол бір күн болды, жағдайы тұрақталғаннан кейін палатаға ауыстырылды. Барлық қажетті сараптамалар жасалып, ол ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хаттамасы бойынша ем қабылдап жатыр. Жағдайы тұрақты" , - деп хабарлады аурухананың баспасөз қызметі.

Аурухананың штаттан тыс бас инфекционисінің келісімі бойынша, өнер иесі алдағы уақытта COVID-19 науқастарына арналған жаңа ауруханаға ауыстырылатын болады.

Айта кетейік, кеше 17 қаңтарда әнші Мейрамбек Бесбаевтың коронавирус инфекциясын жұқтырып, ауруханаға түскенін хабарлаған болатынбыз.

Бұл жаңалықты естіген бірқатар өнер жұлдыздары "МузАрт" тобының мүшесі үшін асқан алаңдаушылық білдіріп, оған тез арада сауығып кетуін тіледі.

Сонымен қатар, бүгін 18 қаңтар күні "МузАрт" тобының директоры Ерлан Жүнісбай Мейрамбек Бесбаевтың қазіргі жағдайымен бөлісті. Ол өнер иесінің жансақтау бөлімінен палатаға ауысқанын хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1894347-zagdajy-zaksardy-drigerler-koronaviruspen-auruhanaga-tsken-besbaevty-halin-ajtty/