RU

"Жазда өлем": Әкесін есіне алған Дариға Бадықова елді жылатты

Дариға Бадықова әкесімен
Фото: Instagram/dariga_badykova

Отандық танымал актриса Дариға Бадықова марқұм әкесіне деген сағынышын жеткізіп, оған жантебірентерлік жазба арнады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Дариға Бадықова асқар тауы әкесін есіне алып, ел жүрегін елжіретті. Өнер иесі Instagram парақшасында аса әсерлі жазба жариялап, бұрын-соңды еш жерде айтпаған сырымен бөлісті.

Актрисаның әкесі өзінің қайтыс болатын уақытын дәл айтып, жаназасы қалай өтетінін де сипаттап кеткен екен.

"Мен жазда өлем. Әкемнің әңгімесі. Екі-үш күн болды папам есіме түсіп жүр. Айтқан сөздері ойыма орала береді. Мамам екеуі қалжыңдасып отырғанда айтатын: “Әй, осыдан көр де тұр, мен өлгенде артымнан адам көп келеді. Жаназама жиналған адамнан-ақ байқайсың менің қандай адам екенімді” - дейтін. Айтқанындай-ақ, ауыл-ауылдан жиналған жұртты сыйдыра алмадық.

Маған айтып отыратын папам: “Дариға, мен жазда өлем. Сендерге салмақ салмаймын. Қыстыгүні өлсем, мына үйге адамдарды сыйдыра алмай әбігерге қаласыңдар. Құдаларды қайда отырғызасыңдар!? Келімді-кетімді адам бар” - дейтін. Біздің үй бөлмелері кішкентай-кішкентай баяғы немістің үйі ғой. Соған уайымдағаны сыймайды деп. Өзі айтқандай, жаздыгүні шіліңгір шілдеде кетті.

“Мен өлген кезде адам көп жиналады. Дариға, жылқы сой. Сиыр деген дым болмайды. Не болады ол?! Сосын ертең ооой, тегі, сонша мақтап жүрген қызы осы ма деп айтады ел” - дейтін маған. Мен елегім келмейді әңгімесін. Бірқ, артынан айтқанын істеп, жылқы сойдық. Әкем өлгенде осы айтқан сөздерінің бәрі құлағыма кеп, көз алдымнан пленка сияқты өтті" , - деп жазды Дариға Бадықова.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/showbiz/1894867-zazda-lem-kesin-esine-algan-dariga-badykova-eldi-zylatty/