RU

Қазақстандық режиссер түсірген өзбекше тарихи сериал көрерменге жол тартты (фото, видео)

«Мендирман Жалолиддин»1
Фото: uza.uz

Өзбекстан мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша түркиялық "Bo‘zdag‘ film" студиясы таспалаған "Мендирман Жалолиддин" тарихи сериалы жарыққа шықты. Туындының авторы қазақстандық режиссер Нұрғиса Әлмұрат деп хабарлайды ӨзА агенттігі.

Алғашқы сериясы 14 ақпанда көрерменге жол тартқан тарихи сериал Хорезмді билеген Жалолиддин Мангубердінің өмірі, қолбасшылық еткен дәуірі мен тарихи шайқастары жайлы баяндайды.

Десе де, сериал негізінен Хорезмшах пен Шыңғысханның шайқасына негізделген. 

13 бөлімнен тұратын тарихи картинада басты рөлдерді яғни Хорезмшахты түрік актері Эмре Кивилджим сомдаса, ұлы Шыңғысханның рөлінде белгілі өзбек актері - Джавахир Закиров.

Ал сериалды қазақстандық режиссер Нұрғиса Әлмұрат түсірген.
Нұрғиса Әлмұрат1
Фото: uza.uz

Тарихи туындыны әр аптаның жексенбі күні кешкі сағат 20:30-да "Милли ТВ" арнасынан көруге болады.    

Айта кетейік, бұған дейін Өзбекстанның "Sevimli TV" телеарнасы эфирде бір жарым жыл жүрген "Қанатсыз құстар"(Kanatsız Kuşlar ) түрік сериалын көрсетуді тоқтатқанын хабарлаған едік.

Бұл сериал 2019 жылдан бері көрсетіліп келген. Дегенмен телеарна 29 қаңтарда сериалды көрсетуді доғарған. Бір жарым жылда өзбек көрермендері оның 91 сериясын көріп үлгерген.

Телеарнаның кино редакциясы қызметкерінің хабарлауынша, арна бағдарламасы өзгерген. Енді шетел сериалдарының орнына отандық фильмдер көрсетілмек.

Еске сала кетейік, 2019 жылы өзбекстандық "Zor TV" телеарнасы танымал түрік сериалы "Kara Sevda-ны" да эфирден алып тастаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1900051-qazaqstandyq-rezisser-tusirgen-ozbekse-tarixi-serial-korermenge-zol-tartty-foto-video/