RU

"Өсекке бергісіз сөз": Азамат Сатыбалды өзі туралы қауесеттерге нүкте қойды

Азамат Сатыбалды
Фото: Instagram/azamatc

Отандық танымал актер, Мүсірепов театрының басшысы Азамат Сатыбалды өзінің Түркістандағы жаңа театрға директор болып баратынына қатысты қауесеттерге жауап берді. Өнер иесі ел арасында айтылып жатқан сөздердің шындыққа жанаспайтынын жеткізді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Азамат Сатыбалды соңғы уақытта өзіне қатысты тарап жатқан түрлі қауесеттерден мезі болған көрінеді.

Актер айтылып жатқан түрлі сөздерге Instagram желісінде нүкте қойды. Ол жеке парақшасында арнайы жазба жариялап, өзінің Түркістан театрына басшы болып барғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

"Сөз.Сөз.Сөз. Мені Түркістан театрына Директор болып барады деген,өсекке бергісіз сөз желдей есіп жатыр екен. Ниет көңілдеріңізге Рахмет.Қазір тұрып жатқан әсем қалам Алматы мен жұмыс орным қатты ұнайды. Мен Ғ.Мүсрепов театрының басшысымын және М.Әуезов театрының актерімін. Актер үшін бұдан асқан бақыт бар ма?!Тек осы бақыттың баянды болғанын тілеймін Аллахтан.
Ал менің атымды жамылып дауды өршіткісі келетін әріптестеріме айтарым. “Айдаладағы адамның атын қалқан қылып ұстамасаңыздар екен”! Ең болмаса бір адам телефон шалып менен сұраған жоқ, менің де аузымнан ол жаққа "директор болып барамын" деген сөз шыққан жоқ, құдай куә. Демек бәрі өтірік! Жүйелі сөз жүйесін тапса,жүйесіз сөз иесін қабады дегенді ұмытпасақ екен! Рахмет" , - деп жазды Азамат Сатыбалды.

Айта кетейік, бұған дейін Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театрының актрисасы Жадыра Сейдахметова Түркістан қаласындағы жаңа театр басшылығына Азамат Сатыбалдының келетіні жайлы жаңалыққа шүйліккен болатын.

Киелі өлкеде ашылғалы жатқан жаңа театрдың айналасындағы дау-дамайға актер Нұржан Төлендиев те өз пікірін білдірген болатын. Ол Азамат Сатыбалды туралы да өз айын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1900174-osekke-bergisiz-soz-azamat-satybaldy-ozine-qatysty-qauesetterge-nukte-qoidy/