Алтынай Жорабаева: Енді екі ұлдың анасы болғым келеді
Жарияланған күні:
Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Алтынай Жорабаева қоғамда қызу талқыланып жатқан әйел теңдігі мен оның отбасыдағы рөлі туралы ойын айтты. Өнер иесі өзінің жанұясын мысалға келтіріп, бірқатар мәліметтермен бөлісті деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Алтынай Жорабаева әйелдер қауымы қашанда ерлерден бір саты төмен тұру керек деген ұстанымды сақтайтынын жасырмады. Шоу-бизнес өкілі бұл жайтты табиғи заңдылық деп есептейді.
Сонымен қатар, көпбалалы әнші өзінің болашақ жоспарларымен де бөлісті. Бүгінде 4 қызы бар әртіс енді екі ұлды дүниеге алып келуге ниетті екенін айтып қалды.
"Ерінен төмен бола білу, тек мықты әйелдің қолынан келеді. Бұл менің авторлық сөзім. Менің өмірлік ұстанымым. Біз отбасымызда 4 қыз екі ұл. Өзім де 4 қыздың анасымын. Алла қаласы енді екі ұлдың анасы болсам деген үмітім де жоқ емес. Әкеміз бізді ұлдарынан артық көріп, еркелетіп өсірді. Әлі күнге бар жылы лебізін білдіріп отырады. Осыны көрген ағам да, інім де үйдің қыздарын ерекше құрметтейді. Қамқорлық танытып, керек жерінде қызметімізге жарап жүреді. Жеңгеміз бен келініме де сондай сыйлы қатынас жасайды.
Қазір қарап отырсам, қыздарым да солай. Жолдасымды құрметтеп, сыйлап, еркелеп тұрады. Күйеуім де қыздарым десе ішкен асын жерге қойып, осыларды қуантуға барын салып жүреді. Кешегі мерекедегі көтеріліске байланысты не ойларымды да білмедім. Көзбен көріп отырып үндемесең, ұлт тағдырына бей-жай қарағандай боласың. Ал бірдеңе жазсаң, постты өшіріп отыр" , - деп ағынан жарылды өнер иесі.
Эстрада жұлдызы әйелдердің ер-азаматтардан не себепті бір саты төмен тұру керектігін түсіндіріп өтті.
"Хош, әйел табиғатына оралайық. Ерінен бір саты төмен тұрамын деу, еркелемеу, құрметтелмеу, назданбау деген сөз бе? Сенімен теңмін де теңмін деп тепсініп жүріп, нәзік табиғатымыздан айырылсақ, нағыз құрметсіздік сонда болатын сияқты. Әйел заты қашанда әлсіздігі арқылы ерінен қорғаныш күткен, Қамқорлық тапқан. Еркелеу арқылы назын айтқан. Нәтижесінде сыйластықта жүрген емес пе? Бұл ер мен әйелдің ортасына Аллаһ орнатқан бағдарлама. Бұдан қашып батысқа еліктеп болмысымызды бүлдіріп жатқанымызды байқамай қалмайық" , - деп жазды әнші Instagram желісінде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1903486-altynai-zorabaeva-endi-eki-uldyn-anasy-bolgym-keledi/