"Митхун Чакрабортиға ұқсайтын": Иманбаева алғашқы махаббаты туралы сырын ақтарды
Жарияланған күні:
Отандық шоу-бизнес жұлдызы Айгүл Иманбаева өзінің алғашқы махаббатын есіне алып, ол туралы бар шындықты айтты. Актрисаның сөзінше, сол жігітпен қосылуына анасы қарсы болған. Тоғызыншы сыныпта басталған өнер иесінің бала махаббаты өмірінің жарты жолына дейін жалғасып келген. Алайда, ақыры баянсыз болыпты. Оның себебін әнші өз сұхбатында түсіндіріп өтті деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Айгүл Иманбаева алғашқы махаббаты туралы жан сырын "Еуразия бірінші" арнасындағы "Ең алғашқы" бағдарламасында ақтарған. Актрисаның айтуынша, ер адам оны ұзақ уақыт бойы ұмыта алмай жүрген.
Ол тіпті өнер иесінің сәтсіз некесінен кейін де онымен қосылғысы келген.
"Алғашқы махаббатым мені іздеп қалаға келгенде бетін қайтардым. Енді келме, менің жігітім бар дедім. Ол үйленбей өте ұзақ жүрді. Тіпті мен Сәбитпен тұрмыс құрып, арада бала болған кезде де үмітін үзбеді. Мен айырылысқаннан кейін тағы келіп сөз салды. Қосылайық деді. Мен балалы, ажырасқан әйелмін. Сен әлі үйленбеген бойдақсың. Біз тең емеспіз, өз сыңарыңды тап дедім. Ол кезде де үмітін үзе алмай он жылдай жүрді. Соңында менің оған қосылмайтынымды түсінгендей болып, үйленді. Бірақ, көп ұзамай жүректен қайтыс болды. Артында ұлы қалды" , - деді Айгүл Иманбаева.
Актриса анасының қаталдығынан алғашқы махаббатына қосыла алмаса да, ұлының әкесімен тұрмысы баянды болмаса да өмірінің бір сәтіне де өкінбейтінін айтты. Ол бүгінде аса бақытты екенін алға тартты.
Айта кетейік, бұған дейін Айгүл Иманбаева балалық шағы, отбасы мен әкесі туралы жан сырын ақтарған болатын. Ұзақ уақыт бойы араласпай кеткен әкесі мен қызы бүгінде арадағы келіспеушілікті шешіп, жақсы қарым-қатынас орнатқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1910116-mitxun-cakrabortiga-uqsaityn-aigul-imanbaeva-algasqy-maxabbaty-turaly-zan-syryn-aqtardy/