RU

"Елге келсең, өлтіріп кетеміз": Түркияға көшкен танымал продюсер қоқан-лоққы көрсеткендер туралы айтты

Алуа Қонарова
Алуа Қонарова. Кадр: YouTube/ Ardak Alanya

Танымал отандық продюсер, бұдан бір жыл бұрын Түркияға түбегейлі қоныс аударған Алуа Қонарова өзін "сатқын және мәңгүрт" деп айыптағандарға жауап берді. Өзге елге көшіп кеткені және қазақ тілінде сөйлемегені үшін желіде дөрекі сөздер жазатындарға қатысты продюсер пікір білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

YouTube платформасындағы Ardak Alanya каналына сұхбат берген ол желідегі жағымсыз пікір жаудыратын оқырмандар туралы айтты.

Айтуынша, өзге елге көшкені үшін айыптағандардың қарасы аз болмаған. Тіпті, "жеңіл жүрісті әйел" дегендер де табылған.

"Қай тілде сөйлегенің маңызды ма? Маған тіпті бір бағдарлама арнағандар болды осы үшін. Сатқын дегенді де естідім. Мәңгүрт дегенге тіпті етім үйреніп кетті. Ал бірақ, мәңгүрт деген сөз маған лайық емес. Себебі, мен ана тілімді білемін. Бірақ, өзіме орыс тілінде сөйлеген ыңғайлы. Біз сондай кезеңде өсіп-өндік. Сол себепті, онда тұрған ештеңе жоқ. Қазақ бола тұрып, ағылшын тілінде сөйлесем де, моңғол тілінде сөйлесем де, өзім білемін.
Маған қайда тұратынымды, қай тілде сөйлейтінімді, не істеп-не қоятынымды айтатын олар соншама кім? Жарайды, сатқынға да көндім. Бірақ, мен "түріктің жеңіс жүрісті әйелі" дегенде (олай айтқандар болды, әлі күнге дейін айтады), бұл шектен шыққандық болды. Олар маған жазған кезде, мен жауап беретін болдым. Жеке директіге кірем де, оларға жауап беремін.
Мұны жазатындар біздің қазақтілді, әйелдерін ұрып-соғатын, иттерді тірідей өртейтін, тіпті, балаларды да зорлайтын, еркек сымақтар. Осының бәрін жасап жатқан біздің қазақтар. Мен оларға қатты наразымын. Біреу туралы олай айтуға ешкімнің құқы жоқ. Сосын, мен телефон нөміріңді жіберші, кездесейік десем, қорқып кетеді.
Нөмірін жіберген ешкімді көрмедім. Отырып алып, "өліп қал, Қазақстанға келсең, әуежайда-ақ өлтіріп кетеміз, бізден қорқуың керек" деп жазады. Бірақ олар соншама кім? Менің патриоттығым олардан артық екенін жақсы білемін", - дейді Алуа Қонарова.

Продюсердің сөзінше, Түркияға анасының арманын орындау үшін барған. Себебі, анасы түрік елінде өмір сүруді қалаған екен.

Бұдан бөлек, Түркияда ол өзінің аллергиядан айыққанын да атап өтті. Айтуынша, өзге елге көшу арқылы бұл ауруынан құтылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1925380-elge-kelsen-oltirip-ketemiz-turkiyaga-kosken-tanymal-prodyuser-qoqan-loqqy-korsetkender-turaly-aitty/