Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тұрсынбек Қабатов қызына қатысты дауға байланысты мәлімдеме жасады

Опубликовано:

Тұрсынбек Қабатов
Фото: Instagram / kabatov_tursinbek_resmi

Танымал шоумен Тұрсынбек Қабатов 17 жастағы қызы Әдеміге қатысты жанжалға түсініктеме берді. Ол қызының орнына ҰБТ-тыны өзге адам тапсырғанын растады, алайда айтуынша, ол бұл туралы мүлде бейхабар болған.

Тұрсынбек Қабатов Instagram парақшасында қызының ҰБТ тапсыруы төңірегіндегі шуға байланысты видео жариялады.

Бұған дейін әлеуметтік желіде танымал заңгер Тұрсынбек Қабатовтың қызы Әдемінің орнына жалған құжатпен өзге біреу тест тапсырды деген ақпарат таратқан болатын.

"Армысыздар құрметті Отандастар! Кешелі бері қызу талқыланып жатқан келеңсіз оқиғаның шын мәнісінде қалай болғаны туралы түсіндіре кеткенді жөн санадым. Ата-ана ретінде бұл оқиға бізге де өте ауыр тиіп отыр. Қолдау білдіріп жатқан жандарға зор рахмет. Оқиға бойынша айтарым осы видеода", - деп жазды ол.

Видеода Тұрсынбек Қабатов пен өзін "Нұрбек" деп таныстырған жігіттің әңгімелесіп жатқанын естуге болады. Сөз арасында Қабатов Нұрбектен "не себепті оларға айтпастан, қызының орнына өзге адамды ҰБТ-ға кіргізгенін" сұрай бастайды.

Қабатовтың сөзіне сенсек, ол да, әйелі де, тіпті қызы да ҰБТ-ға өзге адам кіретінін білмеген - қызы тестке келіп, телефоны мен жеке куәлігін өткізгенде ғана, оған бұл туралы айтылған екен.

"Кешеден бері орталықтарыңа бардым. Жексенбі болып, қайта сендердің жолдарың болып кетті десем болады. Кеше жай ғана кешірім сұрап, видео жібере салыпсыңдар, бетін бұлдыратып. Оған кім сенеді", - дейді Қабатов.

Ол тұтқаның ар жағындағы азаматтан неге мұндай әрекетке барғанын сұрайды.

"Нұрбек, сен маған мынаны түсіндірші. Біріншіден, болатын жағдайды сен неге маған айтпай, анасына айтпай, ондай тірлікке бардың? Екіншіден, қыз кім? Оны кім тауып жүрген, сен бе", - деп сұрайды ол.

Бұған тұтқанын ар жағындағы жігіт "иә, сіздерді тосыннан қуантайын деген ойым болған" деп ақталады.

Телефонмен әңгімелесу барысында Қабатов қызына ҰБТ-дан жоғары балл жинау еш қажет болмағанын, оны шетелде оқытуды жоспарлағанын еске салып, Нұрбекке ренішін жеткізеді.

Тұрсынбек Қабатов бүгінде қызы бұл жайттан соң ерекше күйзеліске түскенін айтуда. Оның үстіне блогерлердің бірі "қызының құжатының суретін желіде рұқсатсыз жариялап жібергеніне" де қынжылуда.

"Қазір қызым қандай жағдайда, білесің бе? Мен жанында болмасам, қызым өзіне бірдеңе істеп қояр ма еді, әлі де жылауда, айналасының бәрі неше түрліні жазып жатыр", - дейді ол.

Тұтқаның ар жағындағы азамат өз қателігін тергеу барысында мойындағанын және кешірім сұрайтынын айтқан сәтінде видео аяқталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1927473-tursynbek-qabatov-qyzynyn-ornyna-ozge-adam-ubt-tapsyrganyn-rastady/

pixel