Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақтың Джастин Тимберлейгі": 17 жастағы шымкенттік жігіт бір күнде қалай жұлдыз болды

Опубликовано:

Садраддин Болат
Садраддин Болат. Фото: instagram.com/sadraddinn/

18 жастағы Садраддин Болат - "Я люблю тебя, Алия" деп аталатын әні арқылы танылған жас әнші. Бүгінгі таңда оның бұл әніне түсірілген бейнебаяны YouTube-та 5 миллионнан астам қаралым жинаған. Бұдан бір жыл бұрын танымалдылыққа ие болған жас өнерпаз Динара Сәтжанның "100 сұқбат" арнасына сұқбат беріп, Мәскеуді бағындырғысы келетінін айтты.

Садраддин Болаттың Instagram желісіндегі парақшасында 1,8 млн оқырманы бар.

Небәрі 17 жасында жас музыкант өзі шығарған әні арқылы көпшілікке танылды. Карантинде өзге әншілер жұмыссыз қалғанда, Садраддиннің керісінше, танымалдылығы арта түсті. Ал бұл танымалдылыққа ол ізденіс пен еңбектің арқасында жеткенін айтады.

"Бірінші сыныптан сахнаны армандайтынмын. Сол жолда жұмыс жасадым. Алланың бергені. Өнер көрсеткім келді. Ән айтқанымды халық көрсе екен, әндерімді тыңдаса екен деп армандайтынмын", - дейді ол.

Садриддин 5 жасынан бастап түрлі халықаралық байқауларда ән айтып келеді. Бұдан бес жыл бұрын "Бала дауысы" байқауына қатысып, сонда бас жүлде иеленгендер қатарында болған.

"Дайындалдым, дамыдым. Әнші деген шыңдалу керек. Ән айту қабілетімді жақсарту керек. Бұл жолда көзімді ашқалы бері келе жатырмын", - дейді әнші.

Айтуынша, ата-анасы да музыкант. Бастапқыда олар Садриддиннің өнер жолына баруына қарсы болыпты. Дегенмен, қазір олар ұлдарының өз жолын тапқанына дән риза екен.

Сонымен қатар, сұқбат барысында әнші өзі қазақтілді бола тұра, "Я люблю тебя, Алия" деп аталатын хит әнін неліктен орыс тілінде жазғанын және бір күнде қалай жұлдызға айналғанын есіне алды.

"Мен 24 сағат музыкамен айналысатынмын. Достарымның барлығы сондай. Телефонмен бит жазып бастадым. Түбінде бір студия ашамын деп ойладым. Колледждің бірінші курсынан бастап қызыға бастадым. Видеолар көріп үйрендім. Қазір демо жазуға студия да керек жоқ. Туындыларымды бірінші достарыма көрсететінмін. Бір күні үйде отырсам, бір әуен келді. Жазып алдым. Кейін оны достарыма көрсетіп едім, олар мынаған орысша мәтін жаз деп ұсыныс тастады. Сөйтіп, достарымның үйінде "Доширак" жеп отырып, әнді жаздық. "Әлия" деп атайық деп шештік", - дейді Садриддин.

Садриддин бұл әнді студияда жазып жатқан кезде-ақ достары әннің хит болатынына сенімді болыпты. Ал әншінің өзі болса әнінің ел аузында жүргеніне көпке дейін сенбеген.

"Ол кезде түсінбедім. Сөйтіп, әнді шығардым. Қарасам, әнім бір күнде топқа кіріпті. Түнде сторизге салдым, таңертең хит болды ғой. Біраз уақыт өткен соң достарыммен кафеде отырсам жанымыздан бір көлік осы әнді қойып кетіп бара жатыр екен. Одан кейін тағы бір көліктен естідім. Шетелдегі достарым хабарласып, Мәскеуде де хит болып жатқанын айтты. Сол кезде барып түсіндім", - деп айтып берді әнші.

Блогерлігі мен әншілігінің арқасында Садриддин жасына қарамастан анасына үш бөлмелі пәтер алып берген. Өнер иесі тапқан таянғанын толығымен анасына табыстайды екен.

"Мен тойға шықпаймын. Блогерліктен, ән жазу арқылы ақша таптым. Тапқан ақшамды жинап, анама беріп отырдым. Үйдегілер тыныш, жайлы өмір сүрсе, менің де жаным тыныш болады. Сондықтан ол кісілерге Алматыдан үй алып беруді шештім", - дейді жас өнерпаз.

Садриддин Болат сұқбат кезінде Мәскеуді бағындырғысы келетінін және қыркүйек айында сонда баратынын да айта кетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1929634-qazaqtyn-dzastin-timberleiki-17-zastagy-symkenttik-zigit-bir-kunde-qalai-zuldyz-boldy/

pixel