"Өзімді алшақ ұстауға тырыстым": Айдарбекова ұлының намысы үшін қандай қадамға барған
Жарияланған күні:
Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова ұлына қатысты жағымсыз пікір айтып, намысына тигендер туралы айтты. Ол өзінің кезекті жазбасында ана мен бала арасындағы ерекше сыйластық туралы сөз қозғады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Айдарбекованың айтуынша, жылдар бойы баласының артынан "мамасының баласы" деген сөз қалмай қойған. Ұлының намысын ойлаған ана тіпті кей кездері Қайратпен бір жиынға бармай қалатын күндерді де бастан өткенін жасырмады.
"Елін, жерін, отанын сүю ер азамат үшін бірінші болып анасын құрметтеуден басталады. Анасын құрметтей алмаған адамда қайдан мейірім болсын?! Мен тек Қайраттың анасы емес, продюсерімін, соны біле тұра "Мамасының баласы" деп қаншама жылдар мысқылмен тиісіп келгендер аз болған жоқ.
"Балам осындай сөздерді естіп жауыр болған шығар, намыстанбасын" деп, өзімді алшақ ұстауға да тырыстым, көп жерлерге бірге шақырылсақ та, "сен барып келе бер" деп қала салатын кездерім де болды", - деп жазды продюсер.
Ол, сондай-ақ, өз жазбасында баласының өнерін халыққа жеткізу үшін қаншама тер төккенін, тіпті аязды күндері афиша жабыстырам деп саусақтары үсіп қалғанын есіне алды.
"Алғашқы жылдары халықтың алдында абыройы түсіп не болмаса, қаншама аяғынан шаламын деушілердің тұзағына түсіп қалмасын, жас әрі аңғал алданып қала беретін мінезі бар ғой деп, бір жағы продюсерлік жұмысым тікелей байланысты болғандықтан, көзімнен таса қылмай, әрбір жұмысын ешкімге сенбей түгел өзім жасайтынмын.
Тіптен ақшасын алғанымен, жұлып тастапты, қыздар ұрлап кетіпті деп айта берген соң, көшеге түн жарымда ешкімге көрінбей шығып афишаларын да өзім жабыстыратынмын.
Естеріңізде болса, жыл сайын 25-ші ақпан Республика сарайында туған күнін халықпен тойласын деп концертін жасайтынмын. Қыс мезгілі болғандықтан аяздан афишалар не скотчпен, не клеймен жабыспай, саусақтарым үсіп қалған кездерім де болған.
Бірақ мені аяп жүректері ауырмасын деп не күйеуіме, не балама айтпайтынмын.
Ана мен бала арасындағы құрмет кей біреулерге ұнамай, қаншама жағымсыз сөздер айтылып, жазылып жатса да, ұлыма риза болғаным, керісінше, менің анам деп мақтанышпен айтады.
Анаға деген құрметін жастарға паш етуден, үлгі болудан жалыққан жоқ. Кім не десе де ешбір бала анасын, аналар өз баласын жоғалтпасын!", - деп жазды Гүлзира Айдарбекова.
Еске салсақ, Қайрат Нұртас өткен демалыста әкесінің туған күн кешінде оған бағалы көлік сыйлап, қуантқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1936709-ozimdi-alsaq-ustauga-tyrystym-gulzira-aidarbekova-ulynyn-namysy-usin-qandai-qadamga-barganyn-aitty/